Апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Өтіп бара жатқан апта ішінде еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды Kazinform.
Су ресурстары және ирригация министрінің бұйрығымен Мүслім Жиенбаев Ғылым және инновация департаментінің директоры болып тағайындалды.
Мүслім Рысмаханұлы 1967 жылы 6 желтоқсанда Жамбыл облысында дүниеге келген. 1994 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітірген.
Еңбек жолын 1985 жылы жұмысшы болып бастады.
1995-2003 жылдары Тараз қаласының су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты зертханасының аспиранты, кіші ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері;
2003-2006 жылдары «Қазагромелисушар» РМО ММ нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы, жетекші ғылыми қызметкер — бөлім бастығы;
2006-2014 жылдары Су ресурстары комитетінің маманы, бас маманы, бөлім басшысы, бас сарапшысы, басқарма басшысы;
2014-2019 жылдары Трансшекаралық өзендер департаменті басқармасының басшысы;
2019-2022 жылдары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Трансшекаралық өзендер департаменті директорының орынбасары болды.
Ғалымжан Молдаш ҚР СРИМ Ішкі аудит департаментінің директоры болып тағайындалды.
Ғалымжан Өмірәліұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Қазтұтыну одағы Қарағанды экономикалық университетін және Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін бітірген.
Құқықтық және экономикалық білімі бар.
Еңбек жолын 1999 жылы «Заңгер» ЖШС заң агенттігі директорының көмекшісі болып бастады.
2000-2008 жылдары Астана қаласы еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің жетекші маманы, бас маманы, бөлім басшысы, департамент басшысының орынбасары болды.
2008-2010 жылдары Астана қаласы қаржы басқармасы басшысының орынбасары, 2010-2011 жылдары Астана қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, 2011-2018 жылдары Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы, 2020-2022 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі Ішкі аудит департаментінің директоры, 2022 жылғы наурыздан қазанға дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі Қаржы және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры, 2022 жылғы қазаннан 2023 жылғы қарашаға дейін ҚР Оқу-ағарту министрлігі бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры қызметін атқарған.
Әсия Баймұрат ҚР СРИМ кадр жұмысы департаментінің директоры болып тағайындалды.
Әсия Баймұратқызы 1979 жылы 27 қарашада Ақтөбе облысында дүниеге келген.
2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясында оқытушы болып бастады.
2002-2008 жылдары — оқытушы, секция меңгерушісі, мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі; 2009-2011 жылдары заңгер; 2012-2018 жылдары әкімшілік-кадр жұмысы және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы, басшысы; 2018-2021 жылдары экологиялық реттеу және бақылау комитетінің әкімшілік-кадр жұмысы басқармасының басшысы. 2021-2023 жылдары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Әкімшілік және кадр жұмысы департаменті директорының орынбасары болды.
Шымкент әкімінің өкімімен Бахтияр Өнербаев қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
Бахтияр Әлтайұлы 1967 жылғы 9 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Көксәйек ауылында туған.
С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің және Қырғыз мемлекеттік ұлттық университетінің түлегі. Мамандығы — химия, құқықтану.
Еңбек жолын 1989 жылы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді С. М. Киров атындағы мемлекеттік университеті органикалық емес химия кафедрасының аға препараторы болып бастаған.
1990-2012 жылдары Алматы қаласы жекешелендіру комитетінде, Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімдігінде, Президенттің Іс басқармасында, Жоғарғы Сотта және Парламент Сенатының аппаратында жауапты басшылық қызметтер атқарды.
2014-2016 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары, 2016-2020 жылдары Алматы облысы Текелі қаласының әкімі, 2020 жылы Алматы облысы әкімінің Астана қаласындағы кеңесшісі лауазымдарында еңбек етті.
2020 жылдың желтоқсан айынан бастап бүгінгі күнге дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы болды.
Шымкент әкімінің өкімімен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы лауазымына Жанат Өтебаева келді.
Жанат Өмірсейітқызы 1970 жылы Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбар ауылында дүниеге келген.
Алматы халық шаруашылығы институтын «қаржы және несие» мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 1991 жылы Қазақ ССР Жинақ банкi Шымкент облыстық басқармасының бухгалтерлік есеп бөлімінің инспекторы болып бастаған.
1992-2022 жылдар аралығында жеке секторда және әлеуметтік салада жауапты басшылық қызметтер атқарды.
2022 жылдың мамыр айынан бастап бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты Тұрғын үй басқармасының басшысы лауазымында еңбек етті.
Қарағанды облысы бойынша аумақтық статистика департаментінің басшысы болып Сәуле Комутова тағайындалды.
Сәуле Комутова кәсіпкерлік және менеджмент мәдениеті институтын «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.
Ол еңбек жолын 1997 жылы Қарағанды облыстық статистика басқармасының халық және еңбек статистикасы бөлімінің маманы болып бастады.
Әрі қарай құрылыс және инвестиция статистикасы тобының меңгерушісі болды.
1999-2001 жылдары ақпарат-статистика орталығының өндірістік сала бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді.
Кейінгі жылдары аумақтық статистика органында әртүрлі лауазымдарда еңбектенді.
2009 жылдан бастап Қарағанды облысының статистика бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарды.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтой медалімен, «Статистика үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Асланбек Шүйіншәлиев Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі болып тағайындалды.
Асланбек Шүйіншәлиев 1988 жылы дүниеге келген.
Қазақ-орыс халықаралық университетін «құқықтану», Алматы экономика және статистика академиясын «экономика», ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «өңірлік даму» біліктілігі бойынша аяқтаған.
Ақтөбе облысының балалардың құқықтарын қорғау департаментінде, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша бәсекелестікті қорғау (монополияға қарсы) инспекциясында, облыс бойынша аумақтық жер инспекциясында жұмыс істеген. Қарғалы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Қарғалы ауданы Бадамша ауылдық округінің әкімі, Алға аудандық қаржы бөлімінің басшысы, облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық және талдау бөлімінің бас инспекторы, Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесу бөлімінің басшысы болып қызмет атқарды.
Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Ақтөбе облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болды.
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы әкімі қызметіне Медет Ысқақов тағайындалды.
Ол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2000 жылы Қ.Медетов атындағы Мәртөк балалар өнер мектебінің мұғалімі болып бастап, мектеп директоры қызметіне дейін көтерілген.
2016-2021 жылдары Қаратоғай ауылдық округінің әкімі, Мәртөк аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2021-2022 жылдары Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасын басқарды.
2022 жылдың қазан айынан бастап осы уақытқа дейiн Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі лауазымында болды.
Әділжан Арғынов Қарқаралы ауданының әкімі қызметіне тағайындалды.
Әділжан Арғынов еңбек жолын 2007 жылы Қарқаралы қаласындағы орта мектеп мұғалімі болып бастаған.
2013 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Қарағанды облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы болып жұмыс істеді.
2015 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінде сарапшыдан шағын және моноқалаларды дамыту басқармасының басшысына дейінгі жол өтті.
2022 жылдың шілдесінен бастап осы тағайындауға дейін Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.