Апта ішінде елімізде болған кадрлық тағайындаулар
Өтіп бара жатқан апта ішінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды Kazinform.
Үкімет қаулысымен Нұрлан Алдамжаров Су ресурстары және ирригация вице-министрі болып тағайындалды.
Нұрлан Алдамжаров 1975 жылы дүниеге келген. Ташкент инженерлік ирригация және механизация ауыл шаруашылығы институтын бітірген.
Еңбек жолын 1999 жылы «Ташоблмелиоводстрой» трестінің №5 механикаландырылған өндірістік колоннасының 4 разрядты монтажнигі, шебері болып бастаған. 2002-2008 жылдары Ташкент және Шымкенттің коммуналдық кәсіпорындарында түрлі қызметтерде жұмыс істеді.
2008-2012 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Су ресурстарын реттеу және қорғау бөлімінің жетекші маманының м.а., жетекші маманы, бас маманы.
2012-2014 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Ауыз сумен қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы, басшысы, басқарма басшының орынбасары. 2015 жылы ОҚО-ның ТКШ және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы болып тағайындалды. 2015-2016 жылдары – «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратының ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаментінің директоры, партиялық бақылау қызметінің басшысы.
2016 жылы ҚР АШМ Су ресурстары комитеті «Қазсушар» РМК-ның гидротехникалық құрылыс бөлімінің жетекші маманы болды. 2016-2018 жылдары – ҚР АШМ Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары. 2018-2020 жылдары – Жамбыл облысы әкімдігінің Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы. 2020-2023 жылдары – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы.
Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы қызметіне Нәзира Идрисова тағайындалды.
Нәзира Тасболатқызы 1987 жылы 10 маусымда Семей қаласында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтын шет тілдері мамандығы бойынша, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару» мамандығы бойынша және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «мемлекеттік саясат» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2009 жылы Борас орта мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2012 жылы Бесқарағай ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы, 2012-2014 жылдары «Нұр Отан» партиясы Бесқарағай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды. 2014-2015 жылдары Аягөз ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы болып еңбек етті.
2015 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тіл комитетінің қоғамдық-саяси, нормативтік-лингвистикалық жұмыстарды дамыту басқармасының бас сарапшысы болып тағайындалды. 2015-2022 жылдары Бесқарағай ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы лауазымын атқарды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары болған.
Қарқаралы ауданының әкімі қызметін атқарған Ерлан Құсайын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Ерлан Құсайынның үш жоғары білімі бар: Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы» мамандығы бойынша, Қазтұтыну одағының Қарағанды экономикалық университетін «экономика саласындағы құқықтық реттеу» мамандығы бойынша, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын бітірген.
Еңбек жолын 1999 жылы қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2007 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Қарағанды облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің қаржы, ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді. 2008 жылдан 2014 жылға дейін Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінде түрлі қызметтер атқарды. Содан кейін Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.
2015 жылдан 2018 жылға дейін облыс әкімі аппаратының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы болды. Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің директоры, ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары және осы басқарманың басшысы болды. 2022 жылдың сәуірінен бастап Қарқаралы ауданының әкімі қызметін атқарды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша, облыс әкімінің өкімімен Азамат Мұратұлы Ағелеуов Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
Азамат Ағелеуов 1980 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін экономика және менеджмент, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін құрылыс мамандығы бойынша бітірген.
Әр жылдары Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары, Атырау облысының төтенше жағдайлар департаменті қаржы басқармасының бастығы, Орал қаласы құрылыс бөлімінің бастығы болды.
Сондай-ақ Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы, БҚО құрылыс басқармасы бастығының орынбасары, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары, «Ембімұнайгаз» АҚ инвестициялық талдау департаментінің аға талдаушысы, «Алтим» құрылыс фирмасы» ЖШС бас директоры болып жұмыс істеді.
Тағайындауға дейін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ ұлттық жобаны іске асыру және өңірлік даму департаментінің өңірлік жоба басшысы қызметін атқарды.
Сағынғазы Жұмасейіт Ақтөбе облысы қазынашылық департаментінің басшысы болып тағайындалды
Қазынашылық комитетінің мәліметіне сүйенсек, Сағынғазы Жұмасейіт бұған дейін осы комитетте жергілікті бюджеттер бойынша есеп беру басқармасының бас сарапшы-бас қазынашысы болып жұмыс істеген.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы тағайындалды.
Бұл лауазымға ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Қалмұрзаев Болат Аюбайұлы келді.
Б.Қалмұрзаев бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарды.
Президент Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Ақмола облысы әкімінің өкімімен Юрий Курушин Егіндікөл ауданының әкімі болып тағайындалды.
Юрий Викторович Курушин 1976 жылы Ақмола облысы Шортанды ауданында туған. «Қазтұтынуодағы» Қарағанды экономикалық университетін «экономист-бухгалтер» мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының магистрі.
Еңбек жолын 1995 жылы Шортанды ауданы бойынша Салық комитетінің салық инспекторы болып бастаған. 1995-2006 жылдары Шортанды ауданы бойынша салық комитетінің әртүрлі жауапты лауазымдарында жұмыс істеді.
2006-2018 жылдары Ақкөл, Жақсы аудандары бойынша салық басқармаларының бастығы, экономика және қаржы бөлімінің басшысы, содан кейін 2018 жылғы шілдеге дейін Ақкөл ауданы әкімі аппаратының басшысы болып еңбек етті. 2018 жылдың шілдесінен 2021 жылдың қарашасына дейін Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары болды. Биылғы қыркүйек айына дейін Ақкөл ауданының әкімі қызметін атқарды.
Әлия Оспанова Bolashaq бағдарламасының әкімшісі болып табылатын Халықаралық бағдарламалар орталығын басқарады.
Ол 1987 жылы 15 тамызда Талдықорған қаласында дүниеге келген. Қазақстан-Британ Техникалық Университетінің, Империялық колледжінің (Ұлыбритания) және Quantic бизнес мектебінің (АҚШ) түлегі. Білім және ғылым саласындағы халықаралық сарапшы. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген.
10 жылдан астам халықаралық ұйымдарда (Microsoft, Ericsson, RELX Group (Elsevier), сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтер атқарды, одан бөлек ТМД елдерінде білім мен ғылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге қатысты.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы болып Арман Кенжеғалиев тағайындалды.
Арман Шоқанұлы Қазақ гуманитарлық-заң университетін, «Қайнар» университетін және Шеффилд университетін бітірген. Мамандығы бойынша біліктілігі-экономист, заңгер, мемлекеттік басқару және мемлекеттік саясат саласындағы магистр.
Еңбек жолын 1999 жылы коммерциялық ұйымда заңгер болып бастаған. 2002-2003 жылдары «Қазпошта» АҚ «Астана почтамт"АФ құқықтық жұмыс бойынша бас маманы болып жұмыс істеді.
2003-2012 жылдары ҚР Әділет министрлігінің құрылымында түрлі лауазымдарда жұмыс істеген.
2012-2017 жылдары ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің индустриялық-инновациялық даму бөлімінің бас сарапшысы, кеңесшісі болды.
2017-2018 жылдары — ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметтерін ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары. 2018-2020 жылдары — директордың орынбасары; ҚР Әділет министрлігінің Заңға тәуелді актілер департаментінің директоры.
2020 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Әділет министрлігінің заңнама департаментінің директоры қызметін атқарды. 2021 жылғы 26 мамырдан бастап қазіргі тағайындауға дейін — ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аппаратының басшысы.