Аптап ыстыққа қарамастан Қазақстанда астықтың көлемі орташа жылдық деңгейде болады - А. Мамытбеков
АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат - Құрғақшылыққа қарамастан, 2012 жылы Қазақстанда астықтың көлемі орташа жылдық деңгейде болады.
Бұл туралы бүгін Астанада "Ветеринарлық қауіпсіздік - Қазақстанның мал шаруашылығын тұрақты дамытудың негізі" конференциясы барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
Еске сала кетейік, Қостанай облысындағы аптап ыстық пен жаңбырдың жоқтығы егістіктің біршама бөлігін күйдіріп тастағаны туралы бұдан бұрын хабарланған болатын. Мамандар Қостанай облысының егін алқаптарының шамамен 5-ші бөлігін «жарамсыз» деп таныды.
«Келесі аптада Қостанай облысына баратын боламыз. Қазіргі уақытта біздің ақпаратымыз бойынша, мұндай жағдай облыстың барлық аумақтарында емес, кейбір жерлерінде, мысалы Қостанайдың оңтүстік және батыс аумақтарында орын алып отыр. Бірақ биыл бидайдың бағасы жоғары болуы ықтимал. Өнімділіктің түсуі, бағаның өсуімен толықтырылып отырады. Биылғы жаңбыр біркелкі емес, кейбір жерлерінде жаңбыр жауған болса, кейбір аймақтарына тамшы да түспеген. Сондықтан біркелкі айтуға болмайды, кейбір жерлері өте жақсы, ал басқа тұстарда жағдай нашар. Жалпы айтқанда біздің жоспарымыз орташа жылдық деңгейде болады», - деді министр.
АШМ мәліметтеріне сәйкес, орташа алғанда егін жинаудың нақты көлемі әр гектардан 7-8 центнерден, яғни 14 млн. тонна болуы әбден ықтимал.