Әр абонентке SIM-карта санын шектеу ұсынысы әлі талқылануы керек — Цифрлық даму министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жақын арада әр адамға SIM-карта санын шектеу енгізілгелі жатқан жоқ. Бастама әлі толыққанды талқылауды талап етеді. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ұялы байланыс
Фото: Kazinform

Kazinform агенттігі Мәжіліс отырысында айтылған әр адамға SIM-карталар санын шектеу туралы ұсынысқа қатысты ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сұрау салған еді. Ведомство бұл мәселе әлі жай ұсыныс күйінде тұрғанын, әлі тиісті органдармен толыққанды талқылауды талап ететінін мәлімдеді. 

«Абоненттердің, абоненттік нөмірлердің (SIM-карталардың) шектеулі санын пайдалануына қатысты айтар болсақ, ол алаяқтыққа қарсы іс-қимыл құралдарының бірі ретінде ұсыныс ретінде айтылды. Қазіргі уақытта абоненттердің абоненттік нөмірлердің (SIM-карталардың) шектеулі санын пайдалануына қатысты норманы енгізу мәселесі мемлекеттік органдармен, ұялы байланыс операторларымен және нарықтың басқа да қатысушыларымен егжей-тегжейлі зерделеуді және талқылауды талап етеді. Осы мәселені егжей-тегжейлі пысықтағаннан кейін біз оны қоғамдық талқылауға шығаруға дайын боламыз, содан кейін ғана қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізу бойынша қандай да бір іс-қимыл жасалатын болады», — делінген хабарламада. 

Айта кетейік, биыл наурыз айында Парламент Мәжілісінде киберқылмыспен күрес тақырыбына арналған талқылауда елімізде бір кісіге сатылатын SIM картаның санын шектеу ұсынылған болатын. 

Соңғы жаңалықтар