Әр ауылдың, әр ауданның өзінің шағын бюджеті болады - Елбасы

АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - Әр ауылдың, әр ауданның өзінің шағын бюджеті болады.

Әр ауылдың, әр ауданның өзінің шағын бюджеті болады - Елбасы

Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық телеарналарға берген сұхбатында мәлім етті.

Жергілікті өзін өзі басқару жүйесі мен ауыл әкімдерін сайлау науқаны жайында қойылған сауалға жауап қайырған ҚР Президенті Н.Назарбаев жергілікті мәселелерді халықтың өзі қатысып шешуі керектігіне тоқталды.

«Жергілікті өзін өзі басқару жүйесі өте маңызды. Әр ел өз мүмкіндігіне сай шешеді, дегенмен ешбір мемлекет осы мәселені толық шешкен жоқ. Менің ойымша, жергілікті мәселелерді халықтың өзі қатысып шешуі керек. Ол үшін әкімнің құқығы болу керек, әкімнің тағайындалуына халықтың қатысуы болуға тиіс. Ал әкім халық алдында есеп беруі керек», - деді Елбасы.

«Мысалы, ауданның халқы аудандық мәслихатты сайлайды, ал мәслихат депутаттары келісіп әкімді сайлайды. Біз тәжірибе аламыз деп әкімдерді тікелей сайлауға көшіп едік. Біраз қиыншылықтар болды, әрқайсысы өзіне тартып, бірлік таныта алған жоқ. Сол себептен енді аудандық мәслихаттар әкімдерді сайлайтын болса, бизнестен түсетін қаражатты жергілікті органдарда қалдырсақ, оны мәслихаттың комиссиясы қарап отыратын болса, әкімдер ауылдардың өз мәселелерін - көпір, монша салу, мектеп жөндеу, мүгедектерге көмек көрсету және тағы басқа мәселелерді елмен бірге шешетін болса - сонда халықтың өзі сол жұмысқа кірісіп отырады», - деді ҚР Президенті.

«Өзін өзі басқару мәселесі мұнымен тоқталмайды. Әрі қарай әр ауылдың, әр ауданның өзінің шағын бюджеті болады. Сонда ғана мәселелерді шешу үшін мүмкіндіктері болады. Бұл жұмысты тиімді өткізіп, болашақта аудан, облыс әкімдерін жалпылама сайлау арқылы тағайындауға болатын шығар. Бірақ біз бұған асықпауымыз қажет», - деп түйді сөзін Мемлекет Басшысы.