Әр азамат жетістікті мемлекеттен емес, өзінен күтуі тиіс - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Л. Нұрқатова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада «Мәңгілік ел қазақстандық құндылықтар жүйесі» тақырыбындағы әлеуметтанушылар мен саясаттанушылардың Астана сарапшылық форумы өтуде.
Шара барысында сөз алған ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқу жұмысы жөніндегі вице-ректоры Ләззат Нұрқатованың айтуынша, адал әрі сапалы еңбек ету ғылым мен техникаға, жаңа технологияға негізделген бәсекеге қабілетті қазақстандық өнім шығарумен тығыз байланысты. «Бұл дегеніміз әр қазақстандық өзінің маңдай терімен тапқан ақшасына үй салып, көлік алып, табысты жұмыста еңбек етуі керек. Бірақ, әр азамат бұл жетістікті мемлекеттен емес, өзінен күтуі тиіс», - деді ол.
Ләззат Нұрқатованың сөзіне қарағанда, қазақстандық қоғам тұтынушы қоғамнан өзі жасай алушы қоғамға айналуы керек. Ол үшін бәрін байланыстыратын күшті жұмылдырып, бір бағытқа бағыттайтын ұлттық идея қажет. «Аталған мәселемен әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар шұғылданбақ», - деді ректордың орынбасары.
Форум жұмысына жүзден астам делегат қатысуда.