Әр бала дара – Қазақстан жұлдыздары ерекше күтімдегі балалармен фотосессия жасады

Елорданың Mega Silkway сауда орталығында отандық жұлдыздар мен ерекше күтімдегі балалар қатысқан «Жылы жүрекпен...» фотокөрмесі ашылды, деп хабарлайды Kazinform.

Фотокөрме
Фотокөрме
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Жылы жүрекпен...» фотокөрмесін ҚР Президенті Телерадиокешені мен «Дара» президенттік бастамалар қоры ұйымдастырған. Қазақстанның медиа және мәдениет саласындағы танымал тұлғалары осы фототүсірілім арқылы инклюзивті қоғамның маңызын, ерекше күтімдегі балалардың теңдігін, қоғамдағы құқығы мен мүмкіндіктерінің маңызын көрсеткісі келген.

Фотокөрме
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Расында да қоғамда оңалту орталықтарын, бейімдеу спорттарын және жалпы инклюзияны дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Өкінішке орай, азаматтарымыздың толерантты болуына және адамдардың тең мүмкіндіктер алуына өте аз көңіл бөлінеді. Танымал тұлғаларды фототүсірілімге шақыру арқылы ерекше физикалық және білім қажеттіліктері бар түрлі жастағы адамдардың өзгелермен тең құқықта екеніне назар аудартқымыз келді. Сауда, ойын-сауық орталығы, әуежай сынды халық көп жиналатын орындарда және өңірлерде бұл фотокөрмені жалғастырамыз», – деді «Дара» президенттік бастамалар қорының жетекшісі Әсел Шілдебаева сауда, ойын-сауық орталығындағы фотокөрменің ашылуында.

Фотокөрме

Идеяға Қыдырәлі мен Қарақат, Маржан Арапбаева, Қанат және Света Айтбаевтар, Досымжан Таңатаров, Ләйлә Сұлтанқызы, Динара Сәтжан, Құрмаш Маханов, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева сынды танымал тұлғалар қолдау көрсетті. Суреттерді белгілі фотограф, «Үркер» сыйлығының иегері Оспан Әли түсірген.

Фотокөрме

«Осы жобаны ойластырғанымызға, жоспарлағанымызға 2-3 жыл болған еді. Қазақстанның жұлдыздарымен қалай сөйлесеміз, қалай жол табамыз, деп біраз алаңдадық. Осы кезде Президент Телерадиокешені мен «Дара» ұйымы бізді қолдап, арманымызды іске асыруға көмектесті. Отандық жұлдыздарға үлкен алғыс айтқым келеді, түсірілім 3-4 сағатқа созылса да, олар балаларымыздың көңілін аулап, тіл табысып, балалардың көңілін көтеріп, керемет уақыт өткізді. Бұл күн балаларымыз үшін үлкен мереке болды», –дейді №96 мектеп-гимназияның директоры Сәуле Теменова.

Фотокөрме
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Астананың сол жағалауындағы бұл мектептің ашылғанына 1,5 ай ғана уақыт өткен, осы аралықта білім алу үшін 1500 бала жиналған. Оның ішінде ерекше білім алатын 18 бала бар. Оларға барлық қажетті құрал-жабдықтар әзірленген, дефектолог, логопед, сурдопедагог және эрготерапевт сынды арнайы мамандар жұмыс істейді. Сондай-ақ балалар мектептен кейін айналысатын нақты кәсіпті де үйренеді, әсіресе аспаздық, фотография, полиграфия секілді сұранысқа ие бағыттар оқытылады.

Фотокөрме
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Фотосессияға баласын жібергісі келмеген ата-аналар да болды. Дегенмен, біз балаларды қоғамнан жасырып отырмауымыз керек. Керісінше, жарыққа шығаруымыз қажет. Мектептен кейін де балалардың өмірі жалғасып, қоғамда тең құқықта өмір сүруі тиіс. Бізге материалдық көмек мүлдем қажет емес, мемлекет біздің бар жағдайымызды жасап қойған. Бар болғаны қоғамның дұрыс көзқарасы мен жылы қарым-қатынасы керек», – дейді мектеп директоры.

Фотокөрме
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Алдағы уақытта «Дара» президенттік бастамалар қоры бұл мектеппен бірлесіп, өзге де қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруға ниетті.

Фотокөрме
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Менің қызым Диана 3-сыныпта оқиды және фототүсірілімге қатысқанына дән риза. Мұндай көрмелер инклюзивті қоғамның дамуы үшін өте қажет. Бүгін де қызымның сыныптастары келіп, Диананы жұлдыз деп мақтап кетті. Медиатұлғалар біздің балалармен сөйлесіп, олардың қарапайым бала екенін, тек оларға көбірек көңіл бөлу керегін, қорқынышты ештеңе жоғын көрсетті. Еуропада мұндай балаларды еш бөліп-жармайды, ал бізде диагноз қойылған балаларды кей балабақшалар мен мектептер қабылдамайды. Балаларды оқытуға болады, тек арнайы тәсіл қажет. Біз бүгінгі көрмеге қуана қатыстық. Фотограф пен танымал тұлғалардың мейірімінің арқасында баламыз ашыла түсті және фотосессияға аса қызығушылықпен қатысты. Қазір де өздерін суреттен көріп, мәз болып жүр», – дейді Диананың анасы Әсия Найдарова.

Фотокөрме
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Фотокөрме
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Фотокөрме
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Фотокөрме
Соңғы жаңалықтар