Әр балаға 122 мың теңге: мектептегі тегін тамақтың мәзірі шығынға сай ма

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мектеп оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту ауқымы соңғы жеті жылда бірнеше есе кеңейді. 2019 жылы 495,1 мың бала қамтылса, 2026 жылы 1 млн 716 мың оқушыға жетті. Осы аралықта бағдарламаға бөлінетін қаржы 14,9 млрд теңгеден 210 млрд теңгеге дейін өсті. Яғни қамтылған бала саны 3,5 есе көбейгенде, қаржыландыру 14 еседей артқан. Бұл өсім баланың күнделікті ас мәзірінен қаншалықты көрінеді? Бүгінгі материалда осы сұраққа жауап іздейміз.

ас
Коллаж: Kazinform / ЖИ

14,9 млрд теңгеден 210 млрд теңгеге дейін

2019 жылы мектептегі тегін тамаққа 14,9 млрд теңге бөлініп, 495,1 мың бала қамтылған. 2026 жылы қаржыландыру 210 млрд теңгеге жетіп, тегін тамақ ішетін оқушы саны 1,716 млн болды.

Бұл бір балаға жұмсалатын орташа қаражаттан да анық көрінеді. 2019 жылы бір оқушыға жылына шамамен 30,1 мың теңге жұмсалса, 2026 жылы 122,4 мың теңгеге жетіп отыр.

ақша
Инфографика: Kazinform

Демек, жеті жыл ішінде бір балаға шаққандағы қаржыландыру төрт еседен астам өскен. Шығынның төрт еседен астам өсуі баланың тамақтану сапасына қалай әсер етті?

Қымбатшылықтың үлесі

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2025 жылы Қазақстанда азық-түлік бағасы 13,5% өсті. Сол жылы қоғамдық тамақтандыру қызметтерінің бағасы 14%, көлік қызметтерінің бағасы 10,9%, тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің бағасы 6,4% қымбаттады. Мектеп асханасының нақты шығынына салсақ, осы төрт көрсеткіштің арифметикалық орташа мәні шамамен 11,2% болады.

Ал 2024-2025 жылдары мектептегі тегін тамаққа бөлінетін қаржы 162 млрд теңгеден 192,1 млрд теңгеге дейін, яғни 18,6% өсті. Демек, соңғы жылдағы қаржы өсімі аталған шығын факторларының қарапайым орташа деңгейінен шамамен 7,4 пайыз жоғары болды.

Ақша көбейгенде мәзір өзгерді ме?

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектептегі тамақтану стандарты жаңартылды. Жаңа талаптарда тұз бен қантты азайтуға, көкөніс, жеміс және сүт өнімдерінің үлесін арттыруға басымдық берілді. Кейбір шұжық өнімдері, ысталған тағамдар, спредтер және құрамында қант көп бірқатар өнімдер мәзірден алынды.

Осының әсерінен мектеп басшылығы негізге алатын перспективалық мәзірлер де өзгерді. Бұл перспективалық мәзірлер бірнеше аптаға есептеліп, күн сайынғы тағамдардың құрамы мен қайталану жиілігін реттейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемологиялық бақылау комитеті бекіткен төрт апталық мәзірге қарасақ, 20 оқу күнінің сегізінде ет тағамдары, тағы сегізінде тауық немесе күркетауық еті ұсынылады. Балық төрт рет беріледі. Яғни 20 күннің мәзірінде ет пен құс еті – 16 рет, балық – 4 рет қойылған.

Көкөніс те күн сайынғы мәзірден түспейді. Жеміс 20 күннің 19-ында ұсынылған. Сүт, айран, йогурт, ірімшік және ұлттық сүт өнімдері – барлық 20 күнде кездеседі. Мәзірде күріш, макарон, қарақұмық, арпа, тары, картоп және бұршақ тұқымдастар да кезектесіп беріледі.

Инфографика
Инфографика: Kazinform

20 күндік перспективалы мәзірде қолданылатын негізгі өнім топтарының 2025 жылғы баға өсімін жеке-жеке алғанда: ет пен ет өнімдері – 22,6%, құс еті – 10,7%, балық – 16,5%, сүт өнімдері – 11,2%, нан және жарма өнімдері – 6,4%, жеміс-жидек пен көкөніс – 7,8%, майлар – 14,5%, алкогольсіз сусындар – 16,3%, қант – 6,7%. Осы тоғыз көрсеткіштің қарапайым арифметикалық орташа мәні 12,5% болады: (22,6 + 10,7 + 16,5 + 11,2 + 6,4 + 7,8 + 14,5 + 16,3 + 6,7) ÷ 9 = 12,5%. Бұл мәзірдің нақты өзіндік құнының өсімі емес, өнім топтары бойынша баға динамикасын салыстыруға арналған шартты көрсеткіш қана.

Қай өлшеммен есептесек те, тегін тамақтандыруға бөлінген қаржының 18,6%-дық өсімі мектеп асханасына әсер ететін негізгі шығындардың қымбаттауынан жоғары болып тұр.

Енді тағамның желінгені де есепке алынады

Жаңа талаптар аясында «желінбеген тамақ индексін» енгізу көзделген. Оның мақсаты – оқушының табағында қандай тағамның қанша бөлігі қалып қоятынын анықтау. UNICEF пен Ұлттық салауатты тамақтану орталығының зерттеуінде балалардың 59%-ы мектеп мәзірін ұнататынын айтса, 21%-ы ұнатпайтынын көрсеткен. Ал 20%-ы мектеп асханасында тамақтанбайтынын айтқан. Бұл деректер жаңа стандарт енгізілгенге дейінгі жағдайды сипаттайды. Ал жаңа талап бойынша жасақталған мәзір қаншалықты сүйіп жейтін тамаққа айналғанын уақыт көрсетеді.

Инфографика
Инфографика: Kazinform

 

Қаржы көбейген сайын жемқорлық тәуекелі де көбейді ме?

Мектептегі тегін тамақ бағдарламасының көлемі өскен сайын оны бақылау мәселесі де күшейеді.

2026 жылы Алматы облысында прокуратура тексеруі 70-тен астам мектепте 1 101 баланың тиесілі тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілмегенін анықтады. Ал Батыс Қазақстан облысының мектеп асханаларында бір оқушының бірнеше тізімге қатар енгізілуі салдарынан негізсіз төлемдер жасалған. Кейбір коммуналдық шығындардың бюджет есебінен өтелгені де анықталды. Тамақтандыру қызметтерін негізсіз бір көзден сатып алу тіркелген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мектеп тамағының мәзірін MektepMenu порталына орналастыру үшін жеткізушілерден негізсіз ақы алынғанын анықтады. Астана қаласында 12 жеткізуші 94 мектепті қамтыған, олар порталға кіру үшін 2,5 млн теңгеден астам төлеген. Кейін осындай жағдайлар тағы жеті өңірдегі 117 жеткізуші мен 405 мектептен анықталды.

Жекелеген жағдайлар сотқа дейін жеткен. Маңғыстау облысында мектеп асханасының төрт қызметкері жалған санитариялық құжаттарды пайдаланып жұмыс істегені үшін сотталып, айыппұл алған. Бұл факт оқушылардың жаппай улануынан кейінгі тексеру кезінде анықталған.

Шығыс Қазақстандағы прокурорлық тексеру мектептегі тамақтандыру мәселесінің тағы бір қырын көрсетті. 9 501 баланың тамақтану нормасы заңсыз төмендетілгені анықталған. Кей жағдайда 11-18 жастағы балаларға 7-10 жастағы балаларға арналған норма қолданылған, ал жекелеген өнімдердің мөлшері екі есеге дейін қысқартылған. 2026 жылғы аудиттердің бірінде тегін ыстық тамақ бойынша 3,4 млрд теңге бюджет қаражаты іс жүзінде көрсетілмеген қызметтер үшін қайтарылған. Бұдан бөлек, 676,5 млн теңге көлеміндегі шығынның расталмағаны көрсетілген.

Әлемде мектеп тамағы – тек әлеуметтік көмек емес

Мектептегі тегін тамақ бағдарламасы Қазақстанға ғана тән емес. Әлемнің көптеген елдерінде ол баланың әлеуметтік жағдайына қарамастан білім алуға және дұрыс тамақтануға мүмкіндік беретін маңызды мемлекеттік құрал ретінде қарастырылады.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметінше, әлемде мектептегі тамақтану бағдарламаларымен шамамен 466 млн бала қамтылған. Көптеген елдерде бұл бағдарламаларды негізінен ұлттық үкіметтер қаржыландырады.

ас
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Мұндай бағдарламалардың мақсаты тек баланы тамақтандырумен шектелмейді. Дұрыс ұйымдастырылған мектеп тамағы баланың денсаулығына, сабаққа қатысуына, оқу үлгеріміне және әлеуметтік теңдікке әсер етеді. Кей елдерде мектеп асханасы жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс қалыптастыратын құрал ретінде де пайдаланылады.

Жаңартылған стандартқа қарап Қазақстан да осы тенденцияға ілесуге көшкенін айтуға болады.