Қамқорлығымызға алу үшін 9 ай жүгірдік — жетім егіздерді бауырына басқан отбасы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Жақында «Jibek joly» телеарнасы көрермен көзайымына айналған «Жақсы адамдарым» бағдарламасын қорытындылап, ел ішінде ерлігімен, ерекше қайсарлығымен танылған бүгінгі күннің батырларын марапаттады.

Әбдірахмановтар отбасы
Фото: Кейіпкерден

Олардың арасында алматылық ерлі-зайыпты Бақытжан мен Арзыгүл Әбдірахмановтар да бар. Олар жетім қалған егіз жасөспірімді бауырына басқан. Кazinform агенттігінің тілшілері қамқор әрі кең жүректі отбасымен тілдесіп көрді.

Әбдірахмановтар отбасы
Фото: Кейіпкерден

Жетім қалған егіз жасөспірімді бауырына басқан алматылық ерлі-зайыпты Бақытжан мен Арзыгүлдің айтуынша, Богдан мен Даниилдің анасын ақтық сапарға өздері шығарып салған.

— Богдан мен Даниил менің екінші ұлым — Самиржанмен бір сыныпта оқыған, яғни сыныптасы. Бізде ата-аналардың WhatsApp чаты бар. Бір күні сол жерде егіз баланың анасы қайтыс болғаны туралы естідік. Балалардың Алматыда ешкімі жоқ екен. Әкелері де өмірден ерте озыпты. Сол сәтте біз ата-аналармен бірігіп мүмкіндігімізше тез арада ақша жинау туралы шешім қабылдадық. Менің Instagram парақшамда 5 мыңнан астам жазылушым бар. Мен сол жерде ұлдардың анасын жерлеуге ақша керек екенін айттым. Осылайша, қос жігіттің анасын өз дәстүрлеріне, діни сеніміне сай жерледік, — дейді Арзыгүл.

Әбдірахмановтар отбасы кішкентайынан әкесінен, есейе келе анасынан айырылып, тұл жетім қалған егіздің барар жері, басар тауы қалмаған соң балаларды асырап алу туралы шешім қабылдаған.

Әбдірахмановтар отбасы
Фото: Кейіпкерден

— Күйеуім қала сыртында еді, оған телефон арқылы хабарласып балалар анасынан айырылып қалғанын айттым. Жолдасым бірден үйге алып кел деді. Біздің ата-анамызда қарсы болмады. Богдан мен Даниилді үйге әкеліп, жылы сөзімізді айтып, оларға барынша қамқор болатынымызды жеткіздік. Ал, келесі күні оларды кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына алып кетті, — деді ол.

Бақытжан мен Арзыгүл балаларды өз қамқорлықтарына алу үшін 9 ай жүгірген. Тіпті, патронат мектебінде дәріс алып, сынақ тапсырған.

— Ең алдымен қорғаншылық/қамқоршылық органына барып, қандай құжаттар керек екенін анықтап, жинай бастадым. Шынымды айтайын оңай болған жоқ. Біз тоғыз ай жүгірдік, күйеуіммен патронат мектебінде оқыдық, тіпті емтихан тапсырдық. Өйткені, бірінші сот отырысында балаларды беруге бас тартты. Алайда, үмітімізді үзбедік, бәрін қайта бастадық. Әрбiр бала толыққанды отбасында өмiр сүруге құқылы деп ойлаймын. Шын жүректен сол балаларды қалағандықтан, мақсатымызға жеттік, — дейді отанасы.

Әбдірахмановтар отбасы
Фото: Кейіпкерден

Мемлекет екі балаға 72 мың теңге төлейді.

— Біздің жасымыз 40-та. Отбасын құрғанымызға биыл 20 жыл толды. Өзіміздің үш баламыз бар. Амир, Самир және Сафира. Үлкен ұлымыз — 19 жаста. Ортаншысы 17-де, кенжеміз 14-ке толды. Қос құлынымыз Богдан мен Даниил жақында 18 жасқа толады. Мемлекет екі балаға 68 000 теңге төлеген, қазір 72 мыңға көтерілді, — дейді егіз жасөспірімді бауырына басқан ана.

Бала бағып алдым деп бөгдеге алақан жаю, әлдеқайдан көмек күту Бақытжан мен Арзыгүл үшін мүлде жат дүние.

— Әр бала өмірге келгенде өзінің несібесін ала келеді. Ол несібе ата-ананың еңбегіне байлаулы. Күйеуім екеуміздің жеке шағын азық-түлік дүкеніміз бар. Сонымен қатар, менің онлайн аяқ киім мен киім дүкенім бар. Шүкір, табысымыз жеткілікті. Богдан мен Даниил Алланың бізге жіберген аманаты. Ал аманатқа, қиянат жасауға болмайды. Егіздер колледжде білім алып жатыр. Екеуі де грантта оқиды, — деп атап өтті ол.

Бақытжанның айтуынша, ұл тәрбиесінде әкенің рөлі зор. Ұл бала әкенің мысалымен өседі. Соның бойындағы қасиеттерден нәр алады. Сол арқылы тұлға болып қалыптасады.

— Әке — ұл үшін ең қымбат жан. Ең биік шың. Ең асқақ асқар. Өзімнің екі ұлым бар. Олардың қатарына тағы екі ұл бала қосылды. Олардың тәрбиесінде менің үлесім басым болуы керек. Ұл әкеге еліктеп өседі. Балаларымды барынша еңбекке баулып жүрмін. Үйде қандай жұмыс істесем де қасымда жүреді. Көлік жөндесем де, ауланы тазаласам да көмектеседі, — дейді әкесі.

Әбдірахмановтар отбасы
Фото: Кейіпкерден

Сондай-ақ, ол егіздердің мінезі екі түрлі екенін атап өтті.

— Богданың мінезі ашық-жарқын, ақкөніл, арманшыл, көпшіл, адамдармен тез тіл табысып кетеді. Үнемі күліп жүреді. Ал, Даниил болса, салмақты, парасатты, томаға тұйық бала, — дейді Бақытжан.

Жетім қалған қос жеткіншекті бауырына басқан ерлі-зайыпты алдағы уақытта тағы бір қыз баланы асырап алуға ниетті.

— Біздің бір қызымыз бар. Сондықтан, қамқорлығымызға қыз бала алғымыз келеді. Ойымызда бар. Бұйырса, оны уақыт көрсетеді, — деді Арзыгүл.

Ағайынды Богдан мен Даниилдың қиын кезде қолдау көрсетіп, қамқорлығына алған жанұяға айтар алғысы шексіз.

— Бұл кісілер керемет жандар. Үлгілі отбасы. Өте қамқор, жүректері мейірімге толы адамдар. Біз алғашқыда біраз ойландық. Одан кейін осы жанұяға келеміз деп шешім қабылдадық. Өкінбейміз. Ана мен әке махаббатына бөленіп жүрміз. Бұл кісілерге шексіз ризамыз. Өз балаларынан кем көрмейді. Барлық жағдайымызды жасап отыр, — дейді ағайынды Богдан мен Даниил.

Амир, Самир және Сафира ата-аналарын мақтан тұтатындарын жеткізді.

— Біздің ата-анамыз әлемдегі ең қамқор және мейірімді жандар. Осындай әрекетке барғанына қуаныштымыз және мақтан тұтамыз. Бізге тағы екі бауыр сыйлағанына рақмет, — дейді олар.

Әбдірахмановтар отбасы
Фото: Кейіпкерден

Жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген отбасы «Жақсы адам-2024» арнайы сыйлығының иегері атанғандарына қуанышты.

— «Jibek joly» телеарнасының басшылығына және «Жақсы адам» байқауын ұйымдастырған адамдарға көп рақмет. Көптеген жақсы жанның ішінен біздің жанұямызды таңдап алғандарына қуаныштымыз. Біз мұндай марапат күткен жоқ едік, — дейді Бақытжан мен Арзыгүл.

Еске салайық, осы жылдың басында Бақытжан мен Арзыгүл Әбдірахмановтар асырап алған Богдан мен Даниилдың жаңа отбасындағы алғашқы туған күні түсірілген видеоны желіге жүктеліп, көптің жүрегін елжіреткен еді.

Айта кетейік, 12 желтоқсан күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Жақсы адам-2024» арнайы сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өткен болатын.

Соңғы жаңалықтар