Әр облыста Өңірлік инвестициялық штаб құрылады
АСТАНА. KAZINFORM – Әр өңірде әкімдердің басшылығымен Өңірлік инвестициялық штабтар құрылатын болады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.
“Инвестиция тарту жөніндегі кеңестің рөлі күшейтілді. Оның өкілеттіктері инвестордың барлық қажетті рәсімдерден жедел және оңай өтуіне мүмкіндік береді. Рұқсат алу рәсімдерін оңайлату және инвесторларға бақылау жүктемесін қысқарту үшін бақылаушы мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске қысымды азайту тетіктері енгізіледі”, - деді ол.
Министрдің айтуынша, енді "прокурорлық сүзгі" жұмысы аясында инвесторларға қатысты барлық шешім мен шектеу шарасы прокуратурамен келісілуі тиіс.
"Осында және қазір" қағидаты бойынша жергілікті жерлерде инвесторлардың проблемаларын шешу үшін Үкіметтің инвестициялық штабына ұқсас әр өңірде әкімдердің басшылығымен Өңірлік инвестициялық штабтар құрылатын болады”, - деді Нұрлан Байбазаров.