Әр оқу орнына жедел уәкілдер бекітілді – ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде балалар мен жасөспірімдер арасындағы криминогендік жағдай қалай? Олардың құқығын қорғау бағытында қандай іс-шаралар жүргізіліп жатыр? Бұл сауалдарға Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов жауап берді.

«Министрлік өңірлік полиция департаменттерінің қызметіне күн сайын мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ, апта сайын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізілген жұмыстар туралы полиция департаменттерінің басшылығы есеп береді. Балалардың қауіпсіздігі Ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Бүгінгі күні балалар арасындағы криминогендік жағдай тұрақты», - деді Әсет Оспанов ведомстводан өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, министрлік кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау тәсілдерін қайта қарады.
«Әр оқу орнына жауапты ювеналды полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдер бекітілген. Олар алдын алу жұмыстарын жүргізіп, оқушылар арасында заңсыз әрекеттерді анықтайды және жолын кеседі. Оқу жылы басталғалы жат әрекеттер жасауға бейім 1400-ден астам күш көрсеткіш жасөспірім анықталды. Олардың барлығы ішкі істер органдарының бақылауына алынды. Кәмелетке толмағандар тарапынан бопсалаудың 40 фактісі тоқтатылды», - дейді ол.