Әр оқыған кітабың түрмеден босап шығу мерзіміңді 3 тәулікке жақындата түседі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Итальяндық сотталушылар әр оқыған кітабы үшін түрмеден босап шығу мерзімін 3 тәулікке жақындата түседі, деп жазады шетелдік БАҚ.
Оқу білім бұлағы болумен қатар түрмеден мерзімінен бұрын босап шығуға да мүмкіндік беретін болды. Италияның оңтүстік қиырында орналасқан Калабрия өңірінің билігі лық толы түрмелерді сотталушыларға кітап оқыту арқылы мерзімінен бұрын босату әрі білім алуына жәрдемдесу шарасын қолға алуда. Калабрия сотталушылары мерзімінен бұрын бостандық дәмін тату үшін кітаптан бас алмаулары қажет.
Әр оқыған кітап үшін сотталу мерзімі 3 тәулікке қысқарады. Заңға сәйкес бір жылда 47 күніңді қысқартуға мүмкіндік берілген. Әрине, күніне бір кітап оқимын десең де еркің. Бірақ есепке тек 16 кітап қана алынады. Осылайша 8 жылдың ішінде кітап оқудың арқасында өзіңнің 1 жылдық сотты болу мерзіміңді қысқарта аласың.
Corriere della Sera-ға сілтеме жасаған Independent басылымының жазуынша, түрме билігі әрбір сотталушының кітап оқуын жіті қадағалауға алады. Яғни, сотталушы оқыған кітабы бойынша сынақ тапсырып отырады.