Әр өңірдің инфрақұрылымдық даму бағдарламалары әзірленеді- Әсет Ерғалиев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әрбір өңір үшін инфрақұрылымдық даму бағдарламалары әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әр өңірдің инфрақұрылымдық даму бағдарламалары әзірленеді- Әсет Ерғалиев

«Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша нақты міндеттер қойды. Барлығы 70-ке жуық тапсырма берілді. 6 Заң қабылдау қажет. Бұл – стресті активтерді экономикалық айналымға қайтару, жеке қосалқы шаруашылықтар, агломерацияларды дамыту, ғылымды дамыту және, кәсіби біліктілік туралы Заңдарғағ сондай-ақ Салық және Бюджет кодекстеріне өзгерістер енгізу. 3 тұжырымдама бекіту қажет. Бұл – мемлекет қаржысын басқару, көші-қон саясаты, сондай-ақ отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамалары», - деді министр.

Оның атап өтуінше, әрбір өңір үшін Инфрақұрылымдық даму бағдарламалары әзірленетін болады.

«Мемлекет басшысы 5 жаңа бастаманы жариялады. Біріншіден, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғайту. Екіншіден, өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруға бизнесті ынталандыру үшін реттелетін сатып алулар мен мемлекеттік қолдау шеңберінде «ұтымды» шараларды әзірлеу. Үшіншіден, Еңбекақы төлеу қорына жүктемені2023 жылдан бастап 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді көздейтін микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізу. Төртіншіден, жекелеген азаматтық қызметкерлердің жалақысын 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын 20 пайызға арттыру. Бесіншіден, зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банктің» есепшотқа аударуға мүмкіндік беру»,- деді Әсет Ерғалиев.

Сонымен қатар ол Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік қаржыны басқару, инфляцияға қарсы әрекет ету, кәсіпкерлікті дамыту, өңірлердің теңгерімді дамыту бағыттары бойынша жұмыс жүргізеді.

Еске салсақ, 1 қыркүйек күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдаудың толық мәтіні мына жерде.