Әр өтініш артында адам тағдыры тұр — Президент халықтан түсетін өтініштерге айрықша назар аударуды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өтініштерге айрықша көңіл бөлуді тапсырды. Президенттің айтуынша, мемлекеттік аппараттың басты міндеті — азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу. Ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу керек.
− Сондықтан халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет. Былтырдың өзінде Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға көбеюде. Бір жағынан, бұл жұрттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сенетінін көрсетеді. Сонымен қатар бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысында шешімін таппай жатқанын аңғартады, − деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Сондықтан Президент олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін тиянақты жұмыс жүргізуді тапсырды.
− Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан, бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс істеуге тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, осыған дейін Президент «Әкімдер мектебі» жобасын іске қосуды тапсырғанын жаздық.
Сонымен қатар Тоқаев техникалық-кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту керек екенін алға тартты.