Әр вандал аялдаманы қиратқан сайын қалтамыздан қанша ақша төлеп жүрміз

жаңа адамдар
Фото: Жаңа адамдар

АСТАНА. KAZINFORM — Бұзақылық үшін қалтамыздан шығатын шығын қанша? «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы вандализмге қарсы науқан бастады. 

Жаңа адамдардың «ВандализмOFF» азаматтық науқанының белсенділері қоғамдық мүлікті жоюға қарсы кезекті акция өткізді.

Олар жүк көлігіне сынған аялдама қалдықтарын салып алып, Астана көшелерімен алып жүрді. Сөйтіп жұртшылықтың назарын осы мәселеге аударды. 

Көліктің бүйіріндегі жазу осындай бір ғана нысанды жою қанша тұратынын қаперімізге салады. 

«Қоқыс алаңына 3 миллион теңге апара жатырмыз» — кәдімгі қалалық қоғамдық көлік аялдамасы бұзылған сайын қалтамыздан шығатын сома көлемі осындай.

аялдама
Фото: Жаңа адамдар

Науқанда салық төлеушілердің мемлекеттік нысандарды қалпына келтіру мен күтіп ұстауға жұмсайтын қомақты қаржылық шығынына назар аударылды.

Аялдаманың орташа құны 3 миллион теңгеге бағаланып отыр. Науқанға қатысушылар халықты қоғамдық инфрақұрылымға зиян келтірмеуге шақырып, оның азаматтардың жайлылығын қамтамасыз ету және қоғам өмірін жақсартудағы маңызын атап өтті.

«Қазақстан — біздің әрекеттеріміздің жиынтығы, бірлескен жұмысымыздың нәтижесі. Бұзақылық мүлікті ғана емес, біздің жұмысымыздың нәтижесін, болашағымызды қиратады. Пәтеріміз болсын, көшедегі аялдама болсын, еліміздің әр бұрышына ұқыппен қарауымыз қажет. Қазақстанның болашағы мен өркендеуіне әрібіріміз жауаптымыз. Жаңа Әділетті Қазақстанды бірге құрайық», — дейді «ВандализмOFF» азаматтық науқанының көшбасшысы Ақерке Ахпанбаева.  

Соңғы жаңалықтар
telegram