Әр жексенбі сайын Астананың орталық саябағында тегін фитнес жаттығу өтеді (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының орталық саябағында бұқаралық спорт маусымы басталды. Енді әр жексенбі сайын ашық аспан астында спорттың бірнеше түрі бойынша тегін жаттығулар өтпек.
Астана қаласының әкімдігі, соның ішінде, дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған бұл бұқаралық спорт маусымы «Fitness Park Astana» деп аталады. Яғни, маусым аясында әр жексенбі сайын йога, зумба, кардио-зон сияқты спорт бағыттары бойынша жаттықтырушылар елорда тұрғындарын тегін жаттықтырып, әр жексенбі сайын сағат 10.00-13.00 арасында сергектік сыйлайды.
Ал, маусымның бүгінгі алғашқы жаттығуына шамамен жүзге тарта адам келді. Күн райы аяқ асты суытпағанда, бала-шағамызды ертіп келер едік, дейді жұртшылық.
«Астана қаласының әкімдігі халықтың, әсіресе, жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасап келеді. Былтыр тоғыз саябақта үнемі әртүрлі спорттық шаралар ұйымдастырып тұрдық. Ал, биыл орталық саябақта, ашық аспан астында осындай ауқымды шара ұйымдастырдық. Әр жексенбі сайын саябақтың бір бұрышында тегін фитнес жаттығу өтсе, екінші бір бұрышында жастар йогамен жаттығуларын жасай алады»,-деді бүгін бұқара халықпен бірге спортпен шұғылданған қалалық әкімдіктің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Мәржікпаев.