Араб Әмірлігінің тумасы БҚО-да алкогольдік өнімдерді заңсыз сақтау және сатумен айналысқаны үшін айыппұл төледі
АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Араб Әмірлігінің тумасы Батыс Қазақстан облысында алкогольдік өнімдерді заңсыз сақтау және сатумен айналысқан үшін айыппұл төледі.
Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
Оның айтуынша, 2010 жылдан бастап қаржы полициясы органдары алкогольдік өнім және спирттің заңсыз айналымына байланысты 435 қылмыстық іс қозғап, оның 412 сотқа жолданған. «Алкогольдік өнімдердің астыртын айналымының негізгі бөлігін спирттік ішімдіктерді сақтау мен сату саласындағы заңсыз кәсіпкерлік құрайды. Заңсыз алкоголь нарығынан спирттік өнімдерінің 1,5 млн. бөтелкесі алынды», - деді ресми өкіл.
Мәселен, М.Жұманбайдың айтуына қарағанда, Батыс Қазақстан облысында Араб Әмірлігінің тумасы Эль-Хадж Тарек Анварге айыппұл төлеу жазасы кесілді. «Ол «Сидар Интерпрайс» ЖШС-нің директоры бола тұра және «Қыз Жібек» түнгі клубын жалға алып, алкогольдік өнімдерді заңсыз сақтау мен сатумен айналысқан. Түнгі клубта жалпы сомасы 1 млн. теңгені құрайтын спирттік ішімдіктердің 868 бөтелкесі және 6 сыра құйылған бөшке алынды», - деді ол.