Араб елдерінің ғалымдары Ата Заңымызға қарап еліміздің тұрақтылығының негізін түсінуде -Қайрат Лама Шәріп

«Жалпы 20 жыл дипломатиялық қызметте жүргенде әрбір елге барған сайын сол мемлекеттердің конституцияларын оқи отырып, өзіміздің Ата Заңымызбен салыстыратын әдетім бар. Сонда байқағаным, біздің Конституция барлық адамның қоғамда өмір сүруіне қолайлы барлық жағдайды қамтамасыз еткен. Ата Заңымызды араб тіліне аударып, түрлі ғалымдар мен зерттеушілерге тапсырған кезде, олар біздің көп этносты мемлекетте ешбір қайшылықсыз өмір сүріп жатқандығымыздың түп тамырын түсінуде. Негізгі заңымызда «дініне де, ұлтына да қарамай бүкіл Қазақстан азаматы бірдей» деген ұғым өте жақсы сипатқа ие»,-деді Елші.
Оның сөзіне қарағанда, осы аптада Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Қазақстан Республикасы Ата Заңының 20 жылдығына арналған «Конституция: бірлік, тұрақтылық, өркендеу» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Бірікке Араб Әмірліктерінен бір топ делегация келді.
«Ата Заңымыздың 20 жылдық мерекесі және биылғы жылғы Қазақстан хандығының 550 жылдығы, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы тәрізді айтулы мерекелер тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шет елдерде де елшіліктер арқылы аталып өтуде. Осы мерекелердің барлығы құтты болсын!»,-деді Қайрат Лама Шәріп.