Араб инвесторлары ынтымақтастық туралы Қазақстан ұсыныстарын зерделеп жатыр
Қатысушылар инвестиция тарту, екі елдің іскер топтарының байланыстарын нығайту және банк саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Әлихан Смайылов өзінің БАӘ-ге таяудағы ресми сапарының қорытындысы бойынша екі ел арасында көптеген ведомствоаралық және коммерциялық құжаттарға қол қойылғанын, инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі арттыру бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілгенін еске салды.
«Біз өзара іс-қимылға үлкен маңыз береміз және екіжақты қарым-қатынастар деңгейін арттыруға ниеттіміз», — деді Премьер-Министр.
Өз кезегінде Халед Мұхаммед Салем Балама қазіргі уақытта араб инвесторлары ынтымақтастық туралы ұсыныстарды егжей-тегжейлі зерделеп жатқанын, содан кейін оларды іске асыруға көшетінін атап өтті.
«Бүгін инвестициялық ынтымақтастық үшін жақсы мүмкіндіктер ашылып жатыр. Қазақстан Үкіметіне осы бағытта көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс білдіргім келеді», — деді БАӘ Орталық банкінің басшысы.
Айта кетейік, БАӘ делегациясының құрамында бұған дейін Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске қосуға қызығушылық танытқан «Mubadala» және «ADQ» ірі компанияларының өкілдері де бар.
Фото: primeminister.kz