Араб компаниясы Geely-Renault біріккен кәсіпорнының 10 пайызын сатып алады. Мәміле несімен қызық
АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясының Saudi Aramco мұнай өндіруші компаниясы маусым айының соңында француз автомобиль өндірушісі Renault мен қытайлық Geely компаниясының жылу қозғалтқыштарын шығаратын бірлескен кәсіпорны — Horse Powertrains-тің 10 пайыздық үлесін сатып алу туралы түпкілікті келісімге қол қойды. Kazinform агенттігінің тілшісі бұл мәміленің қаншалықты қызық екенін талдап көруге тырысты.

Aramco инвестициясы қандай мақсатқа жұмсалмақ
Aramco мұнай өндіруші компаниясының мәлімдемесіне сәйкес, екі компания да — француздың Renault Group пен қытайлық автоөндіруші Geely Auto Group ортақ кәсіпорындағы әрқайсысының 45 пайыздық акцияларын теңдей үлесте сақтап қалады.
Қазіргі уақытта мәмілені жабу үшін реттеуші органдар тарапынан мақұлдау күтіліп отыр. Aramco кәсіпорынның 10 пайыз акциясына төлем жасамақ. Бұл 740 миллион еуроны құрайды.
Horse Powertrains Limited компаниясының жалпы құны 7,40 миллиард еуроға (7,93 миллиард доллар — ред. ескертесі) бағаланады. Кәсіпорын гибридті және газбен жүретін көліктерге арналған экологиялық таза қозғалтқыштарды әзірлейді.
«Инвестиция ұтқырлықтың барынша тиімді шешімдерін әзірлеу және коммерцияландыру арқылы Aramco-ның жаһандық энергетикалық көшуге қосқан үлесін арттыруға бағытталған», — деп хабарлады Сауд Арабиясының баспа агенттігі.
Сонымен қатар мәміле Aramco мен Valvoline арасындағы Horse қозғалтқыштарын жетілдіруге арналған технологияларды, жанармай мен майлау материалдарын әзірлеу бойынша серіктестік келісімдерді қамтиды.
«Aramco инвестициясы бүкіл әлемде қолжетімді, төмен көміртекті ішкі жану қозғалтқыштарын тиімді әзірлеуге және енгізуге тікелей ықпал етеді деп күтіледі. Geely және Renault-мен бірге біз ұжымдық тәжірибеміз бен ресурстарымызды қозғалтқыш пен жанармай технологиясы саласындағы жаңашылдық жетістіктерін қолдауға пайдалануды жоспарлап отырмыз», — деді Aramco компаниясының технологиялар және инновациялар жөніндегі атқарушы вице-президенті Ахмад О.Аль-Ховайтер.
Дегенмен, Horse Powertrain компаниясы Aramco инвестициялары оның өсуін қолдайтынын және бәсекеге қабілетті синтетикалық отын негізіндегі қуат қондырғылары мен шешімдерді дамытуға ықпал ететінін мәлімдеп отыр.
Автомобиль өнеркәсібіне қосқан үлес
Aramco, Renault Group және Geely автомобиль өнеркәсібі әртүрлі технологиялардың үйлесімін қажет етеді деген ортақ пікірге келіп отыр.
Aramco, Geely және Renault компаниялары Horse-пен бірлесіп, автомобиль өнеркәсібінде тиімділігі жоғары іштей жану қозғалтқыштарын, гибридті қуат қондырғыларын, сондай-ақ декарбонизацияны тиімді ынталандыру үшін сутегі мен синтетикалық отынды қоса алғанда әртүрлі қуат агрегаттары технологияларының комбинациясын құруды жоспарлап отыр.
Horse Powertrain компаниясы гибридті және отын-энергетикалық жүйелерді өндірудің барлық өмірлік циклін жобалаудан, әзірлеуден бастап, соңғы қозғалтқыштарды, беріліс қорабын, гибридті механизмдерді және батареяларды пайдалана отырып өндіруге дейін басқаратын болады.
Renault компаняисының бас директоры Лука де Мео бұл мәмілені ішкі жану қозғалтқыштары мен гибридті технологиялардың болашағын «қайта ой елегінен өткізетін» «армандаушылар командасын» құру деп сипаттады.

Дәстүрлі автомобиль құрдымға кетіп жүрмей ме?
Қазіргі уақытта Horse Powertrain компаниясы электромобильдер сатылымының төмендеуі аясында дәстүрлі автомобиль өндірушілеріне жеткізу бизнесін кеңейтіп жатқанын алға тартады.
Компанияның болжамына сәйкес, әлемде шығарылатын көлік құралдарының 50 пайыздан астамы, тіпті 2040 жылға қарай да іштей жану қозғалтқыштарын қолдана беретін болады.
Нарықта не болып жатыр?
Бірлескен кәсіпорынға инвестиция сұраныс пен өндіріс шығындарының өсуіне байланысты туындаған әлемдік электромобиль нарығындағы проблемалар аясында түсіп отыр.
Бұған қоса, маусым айында Еуропа комиссиясы шілдеден бастап-ақ импортталатын қытайлық электромобильдерге 38,1 пайызға дейін қосымша баж салығын енгізетінін мәлімдеген болатын.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, маусым айында акцияларын қайта сату арқылы шамамен 11,2 млрд доллар қаржы тартқан Aramco компаниясы бастапқыда Horse Powertrain акцияларының 20 пайызын сатып алатындығына емеуірін танытқан.
Сауд Арабиясының мұнай компаниясы өткен жылдың өзінде бірлескен қытай-француз кәсіпорнына қатысуды жоспарлағаны айтылады.
2023 жылдың наурызында Saudi Aramco кәсіпорынның миноритарлық акционері мәртебесін алу мақсатында ниет хатына қол қойған.
Бұл ретте айта кетерлігі, Horse Powertrain компаниясы 2024 жылдың 31 мамырында құрылып, тіркелген болатын. Штаб-пәтері Ұлыбритания астанасы — Лондон қаласында орналасқан.
«Aramco-ның бірлескен жылу қозғалтқышы кәсіпорнындағы үлесі электромобильдерге көшу кезеңінде сақтандыру себетін қамтамасыз ету арқылы дәстүрлі автомобиль өндірушілерге инвестицияны тұрақтандыруы ықтимал», — деп мәлімдеді Finimize инвестициялық платформасы.
Таңқаларлық нәтиже
Horse Powertrain компаниясының жылдық кірісі жылына 5 миллион бірлік қуат агрегаты өндірістік қуатымен 16,2 миллиард долларға жетеді деп күтілуде. Бұл бүкіл әлем бойынша серіктестер үшін алдыңғы қатарлы қуат агрегаттарының алдыңғы қатарлы технологияларының толық қоржынын қамтиды.
«2024 жылдың бірінші тоқсанында Renault Group-тың кірісі 1,8 пайызға өсіп, 12,5 миллиард долларға жетті. Мұндай жайт қаржылық бизнестегі тұрақты көрсеткіштердің арқасында автомобиль бөлімшесі кірісінің төмендеуін өтеу арқылы орын алды», — деп хабарлады Forbes Middle East компанияның мәлімдемесіне сілтеме жасап.
2024 жылдың бірінші тоқсанында Geely Holdings-тің барлық автомобиль брендтері бойынша сатылымы жылдық мәнде 27 пайызға өсіп, 738 400 бірлікке жетті.