Arab News: Сауд Арабиясы алғаш рет туристік визалар бере бастады

ЭР-РИЯД. ҚазАқпарат – Бүгін, 27 қыркүйекте Сауд Арабиясы 49 елдің туристеріне алғаш рет виза бергенін ресми мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Аrab News сайтына сілтеме жасап.

Arab News: Сауд Арабиясы алғаш рет туристік визалар бере бастады

Бұл туралы Сауд туризм және ұлттық мұра жөніндегі комиссиясы елдегі басты туристік бағыттардың біріне айналған әд-Дирийя қаласында өткен іс-шарада мәлім етті.

Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман қолға алған «Saudi Vision 2030» реформалар бағдарламасының басты бағыттарының бірі - кикстарт туризмі (ағыл. kick start – ауыспалы мағынада: «жаңартылған, жақсартылған нұсқасын іске қосу»). Бағдарлама мұнайдан кейінгі дәуірдегі ең ірі араб экономикасын құруға бағытталған.

Туризм департаментінің басшысы әл-Хатибтің айтуынша, «туристер мәдениет маржандарын көріп таңғалады. Олар ЮНЕСКО тізіміне енгізілген бес нысан, жергілікті ұлттық мәдениет және табиғаттың көздің жауын алатын сұлулығы».

Оның айтуынша, Сауд Корольдігі шетелдік әйелдерге арналған дресс-код ережелерін өзгертпек. Яғни, турист әйелдер арабтың етек-жеңі ұзын көйлегін кимеуіне болады. Тек сыпайы киініп жүрсе болғаны.

Еуропаның 38, Азияның 7 елі, АҚШ, Канада, Аустралия және Жаңа Зеландия туристері виза алуға онлайн өтінім беруіне болады.

Arab News агенттігінің хабарлауынша, виза құны - 300 риал (80 АҚШ доллары).

Туристік визаны алуға өтініштер биыл 28 қыркүйектен бастап қабылданады.

Қазір Сауд Арабиясы туризмінің басты бағыты – қажылық сапары. Әлемнің түкпір-түкпірінен Мекке мен Мәдинаны көру үшін мұсылмандар ағылып келеді.