Араб түбегіндегі халықаралық сұңқаршылық көрмесіне 764 мың адам қатысты
АСТАНА.KAZINFORM – Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен халықаралық сұңқаршылық және аңшылық көрмесіне 10 күн ішінде 764 мыңнан астам адам қатысты.
Saudi International Falcons and Hunting Exhibition 2026 көрмесіне әлемнің 47 елінен 1 446-дан астам компания мен бренд, сондай-ақ 44 мемлекеттік мекеме қатысты. Аумағы 200 мың шаршы метр болатын ауқымды шара Эр-Риядтың солтүстігіндегі Мальхам ауданында орналасқан Эр-Рияд көрме және конгресс орталығында ұйымдастырылды.
Көрмені Сауд Арабиясының Ұлттық сұңқарлар орталығы ұйымдастырды. Шара аясында сұңқаршылық пен аңшылықтан бөлек, ашық аспан астындағы демалыс түрлері, мәдени бағдарламалар, дәстүрлі қолөнер және заманауи технологиялар таныстырылды.
Сұңқаршылық Араб түбегінде ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр саналады. Бүгінде ол Сауд Арабиясының мәдени мұрасының маңызды бөлігі ретінде сақталып келеді. Көрме сұңқаршыларды, инвесторларды, кәсіпкерлер мен отбасыларды бір алаңға жинап, сауда-саттық, жарыстар және дәстүрлі өнерді көрсетуге мүмкіндік берді.
Ұлттық сұңқарлар орталығының бас атқарушы директоры Талал Әл-Шамайсидің айтуынша, көрмеге келушілер саны мен бағдарламалардың ауқымы сұңқаршылық дәстүрін сақтау және оның қыр-сырын жас ұрпаққа жеткізуге деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.
Көрме бағдарламасында балаларға арналған іс-шаралар, сұңқаршылық тарихына арналған музей, таксидермиялық экспозициялар, дәстүрлі аңшылық түрлері, балық аулау, жаяу саяхат, сафари, ат және түйе міну, жол талғамайтын көліктермен саяхаттау және ату спорттары қамтылды. Сонымен қатар тарих, поэзия, дәстүрлі қолөнер, табиғат аясындағы саяхат, көлік дайындау және қауіпсіздік тақырыптарында шеберлік сабақтары мен пікірталастар ұйымдастырылды.
Көрменің негізгі шараларының бірі – алты күнге созылған Al-Melwah сұңқарлар жарысы болды. 12 кезеңнен тұрған жарыста жалпы жүлде қоры 723 мың сауд риалын (шамамен 193 мың доллар) құрады. Әр кезеңнің үздік бес қатысушысына жүлде берілді.
Жарыс барысында жас сұңқарлар 200 метр қашықтықта бақ сынады. Олар алты санат бойынша өнер көрсетіп, өздерінің жылдамдығымен қатар, бапкерлерінің дайындығын да көрсетті.
Биыл көрме аясында екінші рет Моңғолия сұңқарларының аукционы ұйымдастырылды. Аукционда жас сұңқар 1,4 млн сауд риалына (шамамен 373 мың доллар) сатылып, осы аукцион тарихындағы ең жоғары баға бойынша рекорд орнатты. Аукциондағы жалпы сауда көлемі 7 млн сауд риалынан (1,87 млн доллар) асты.
Көрменің аңшылық қарулары, оқ-дәрілер мен керек-жарақтар аймағында 181-ден астам халықаралық брендтің 5 мыңнан астам өнімі ұсынылды. Олардың қатарында аңшылық және спорттық атыс қарулары, пневматикалық қарулар, оқ-дәрілер, қауіпсіздік құралдары және қаруды күтіп ұстауға арналған жабдықтар болды.
Ұйымдастырушылар шара барысында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Дириядағы Ат-Тураиф тарихи ауданын да таныстырды. Бұған дейін көрме аясында 2024 жылы Әл-Ахса оазисі, ал 2025 жылы Нәжрандағы Хима мәдени аймағы таныстырылған болатын.
Ұлттық сұңқарлар орталығы келесі жылғы көрмеге дайындықты жексенбі күні бастайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар жергілікті жерде ауланған сұңқарлардың аукционы 30 қарашаға дейін жалғасады. Оның қорытындысы бойынша 17-30 қараша аралығында өтетін Король Абдулазиз атындағы сұңқаршылық фестиваліне дайындық жүргізіледі.
Фестивальге Сауд Арабиясынан және шетелден келген сұңқаршылар қатысады. Бағдарламада Al-Melwah жылдамдық жарысы және Mazayen байқауы өтеді. Соңғысында сұңқарлардың сыртқы келбеті мен ерекшеліктері бағаланады.