Арабиялық азамат шөлейт аймақтарда таза су тапшылығын шешетін құрылғы ойлап тапты
АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - БАӘ-нің Абдулла әл-Шехи есімді азаматы елдің шөлейт аймақтарындағы таза су тапшылығын шешетін құрылғы ойлап тапты,
деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының ресми сайты.
«Al-Ma» яғни, «Су» деп аталатын құрылғы теңіз және көлдердің су бетінен, жаңбыр суы, таңғы шық, тіпті тұман сынды ылғалдарды айырып алуға қабілетті болып отыр. Осылайша жиналған таза судың шығыны қазіргі тазарту жұмыстарынан әлдеқайда арзанырақ болмақ. Өнертапқыштың айтуынша, БАӘ-нің шаруашылық нысандарының қазіргідей тұщы суға деген сұранысы артып отырған кезінде, өзінің құрылғысы бұл орасан зор су тапшылығын 20 шаршы мильдік су алаңынан айына 253,6 миллион литрге дейін таза су өндіру арқылы шешпек", - деп жазады ҚМДБ.
Британдық «Хаддерсфилд» университетін инженер-электротехник мамандығы бойынша бітіріп шыққан түлек, келешекте өзінің абаттандырғыш-коллекторы таза суға зәру елдер тарапынан сұранысқа ие болатынына кәміл сенімді. Ол қазіргі таңда жобаны іске асыру үшін инвестор іздеуде.