«Арақ ішкенге айыппұл салынса...» - баспасөзге шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Ақиқатты айқындар сәт туып отыр» деген көлемді мақала берілген. Кеше Беларусь астанасы Минскіде Кеден одағы елдерінің басшылары, яғни Қазақстан, Беларусь, Ресей мемлекеттерінің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев, Александр Лукашенко, Владимир Путин, сондай-ақ Украина басшысы Петр Порошенко мен Еуропалық одақтың өкілдері бас қосты. Үлкен маңызы бар бұл жиынға Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты мәселелері бойынша жоғарғы өкілі, Еуропалық комиссия төрағасының орынбасары Кэтрин Эштон, Еуропалық одақтың энергетика мәселелері бойынша жоғарғы өкілі, Еуропалық комиссия төрағасының орынбасары Гюнтер Эттингер және Еуропалық одақтың сауда мәселелері бойынша жоғарғы өкілі Карел де Гюхт қатысты. Ауқымды пішімдегі жиын басталмас бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украина Президенті Петр Порошенкомен кездесті. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Петр Порошенко екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған маңызды қадамдарды қарастырды.
Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев тұтастай Украинаға, Украина экономикасына қолдау көмек көрсету қажеттігін айтты. «Қазақстан Украинаның оңтүстік-шығысына гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Егер де, гуманитарлық конвой болса, біз бұл мәселеге қазақстандық Қызыл крест тетігін іске қосуға әзірміз. Яғни біз егер, қажет болса, өз еліміздің тарапынан осындай елеулі қолдау көрсетуге дайын екенімізді айтқымыз келеді», деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы екіжақты кездесуде Украинада қалыптасқан шиеленісті жағдай бейбіт түрде шешілетініне үмітті екенін білдірді. «Егер осындай жағдай одан әрі жалғаса беретін болса, бұл ауқымды ғаламдық қақтығыстарға алып келуі мүмкін. Сондықтан, біздің ұстанымымыз, менің жеке ұстанымым - бір жерге тоқайласатын нүктені табу, соғыс өртін сөндіру, елді қалпына келтіру», деді өз сөзінде Қазақстан Президенті.
***
«Салауатты өмір салты деген ұғым әдемі-ақ. Қазаққа керегі осы. Осы үшін өмірлік күресіп өтсек, ол - жөн іс. Жалпы алғанда, күресті баяғыда бастағанбыз. Бірақ нәтиже көңіл көншітерліктей емес. Себеп не? Қазақстанда маскүнемдікке қарсы күрес басталғаннан бері, байқауымызша, біраз қателіктерге жол бердік. Спиртті ішімдіктер өндіретін кәсіпорындарға салынатын салықты өсірдік. Сөйтіп, арақтың бағасын өсірдік. Оны тәуліктің белгілі бір мезгілінде арнайы рұқсат етілген жерлерде ғана сату заңдастырылды. Сонда да ішіліп жатыр. Өндіріс азайғандай, өйткені одан бюджетке түсетін кіріс азайды ғой. Бірақ жалпы айналымдағы, яғни өндірілетін спиртті ішімдік мөлшері азайған жоқ, ішетіндер саны кеміген жоқ. Бар болғаны мемлекет есептей алатын спиртті ішімдіктер өндірісі азайды. Оның есесін мемлекеттік қызметтер есептей алмайтын жерлердегі спиртті ішімдік өндірісі ұлғайды. Мемлекет қазынасына түсетін қаражаттың белгілі бір бөлігі пысықайлардың қалталарына түсіп кетті»,-деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санындағы «Арақ ішкенге айыппұл салынса...» атты мақаласында.
Осы газетте ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешевпен арадағы сұхбат алдағы Сенат депутаттарының сайлауы төңірегінде өрбіген. «Иә, 2008 жылдың 4 қазанында сайланған сенаторлардың алты жылдық өкілеттік мерзімі 2014 жылдың 9 желтоқсанында аяқталатындықтан, Парламенттің жоғарғы палатасының 16 депутаты қайта сайланады. Елбасы биылғы жылдың 1 қазанына Парламент Сенатына сайлау өтетіндігін жариялағалы бері, Орталық сайлау комиссиясы жер-жердегі аумақтық сайлау комиссияларымен бірлесіп сайлау процедураларының заң шеңберінде өтуін қамтамасыз етуде. Бүгінгі таңда Орталық сайлау комиссиясы да, науқанға тартылып отырған аумақтық сайлау комиссиялары да барлық қажетті материалдық-техникалық және қаржылық ресурстармен қамтамасыз етілген. Сенат депутаттарын сайлауды өткізуге 2014 жылы республикалық бюджеттен жалпы көлемі 136 миллион теңге бөлінгендігі туралы бұған дейін де БАҚ-та жарияланған болатын. Қажетті әдістемелік және нормативтік база да қалыптастырылған. Сайлау науқанын ұйымдастыру, өткізу және ақпараттық қолдау шаралары да белгіленген мерзімдерде жүзеге асырылуда»,-дейді Б. Мелдешев. Бұл сұхбат « Кандидаттардың орташа жасы - 53,5 » деген тақырыппен берілген.
***
«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында « Смерть на брудершафт » атты материал басылды. Көкшетауда қайғылы оқиға орын алды. Қала тұрғыны алкогольдік ішімдік ішкен азаматты көпқабатты үйдің балконынан секірмек кезінде ұстап қалмақ болған, алайда бұл әрекеті жүзеге аспады. Нәтижесінде екеуі де жетінші қабаттан төмен құлап түсті. Бұл оқиғаға қарсы үйде тұратын ер азамат куә болған. Ол оқиға орнына «жедел жәрдем» шақыртқан екен. Дәрігерлер 30 жасар Иван Бондарев пен 29 жастағы Руслан Қабдылмановты ауруханаға жеткізеді. Бірақ та олар алған ауыр жараққатарынан көз жұмды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, құрылыста бірге жұмыс істеген аталған екі адам сол күні пәтерде спирттік ішімдік ішкен көрінеді.