«Арақ ішуді азайттық» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 5 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 5 қазан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Арақ ішуді азайттық» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Тәуелсіздік -ұлы мұрат, қастерлі ұғым» атты мақала басылды. Онда Орталық Азия аймағының көшбас­шысы саналатын біздің ел соңғы жыл­дары қарқынды даму жолында екендігі айтылады. «Бұл жетістіктер бүкіл экономикамызды қайта құру нәтижесінде мүмкін болды. Тәуел­сіз Қазақстандағы экономикалық реформалармен қатар жүргізілген саяси реформалар да мемлекетіміздің халық­аралық аренадағы беделін жоғарылатты. Бүгінде Қазақстан халықаралық және аймақтық ұйымдардың мүшесі ғана емес, батыс және шығыс елдерінің сенімді әріптесі. Қазақстан беделді халықаралық ұйым­дардың қатысушысы ғана емес, осы уақытқа дейін ТМД, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ секілді ұйымдардың төрағалығын сәтті атқара білді. Еліміздің былтырғы Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына төрағалығы ел имиджін жоғарылатқаны анық»,-деп жазады басылым.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың қызметінің белсенділігі төмен емес. Бар мәселе осы ұйымдардың қызметінің дұрыс насихатталмай жатқандығында. Өйткені бұқара­лық ақпарат құралдары ҮЕҰ-лар қыз­метін көрсетуге онша ықылас таныта бермейді. Сол себептен ҮЕҰ-лардың өздері БАҚ-пен байланыстарын күшейте түсуі тиіс. «Олардың ой-пайымы көбіне, атқарған жұмысын көрсетуден қаш­қақ­тап, жасаған қызметімізге алғысты азаматтар айтқаны жеткілікті деп ойлайды. Осындай «сыпайылықтың» салдарынан атқарылған игілікті іс көзге көрінбей қалады. Қоғам жақсы істерді көріп қана қоймай, оған баға да беріп отыруға тиісті. Сонда бар­лы­ғы да түгенделеді», дегенге саяды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Азаматтық қоғам алдына асқаралы міндеттер жүктейді» атты мақаладан білуге болады.

***

Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың айтуынша, соңғы үш жылда еліміз тұрғындары арақ-шарап ішуді 9 пайызға азайтыпты. Бұған неге «бәрекелді!» демеске. Ал енді осы деректердің себеп-салдарына үңілсек, ішімдікті тұтынуға қатысты мемлекет ұстанып отырған саясаттың тиімділігі бірінші орында тұрған көрінеді. Екінші бір себепкер - халықтың имандылыққа бет бұруы. Бес мезгіл намазын қаза жібермейтін ағайынның аузынан арақ туралы әңгіме есту мүмкін емес. Тағы бір мәселе, жұрт мәдениетті өмірге бет бұрды. Қазір екі қазақтың бірі қолына «рюмка» ұстамайды. Уақыты жоқ. Жұмысбастылық «ерінбей еңбек еткен кісінің ғана қарны тоқ, қайғысы жоқ» болатындығына баршаның көзін жеткізді. Бұл мәселе «Айқын» басылымының бүгінгі санында «Арақ ішуді азайттық», - деген тақырыппен басылды.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, қазақтың қоғамдық өмірінде тағы бір қоғамдық қозғалыстың тұсауы кесілді. Ұлттық мүддені биік қойып, барлық ел азаматтарын тегі мен этникалық ерекшелігіне қарамастан, қазақ үшін, мемлекет үшін еңбек етуге шақыратын «Ұлы дала» деп аталатын қоғамдық қозғалыс батыстың демократиялық құндылықтарын қабылдай отырып, қазақтың тілін, ділін, дінін, салт-дәстүрі мен тарихын сақтауға ерекше ден қояды. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінге санындағы «Ұлы дала» ұлттық мүддеге қызмет етеді» атты мақаладан кеңірек білуге болады.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Ұрпақ ұсақталуының себебі неде?» деген тақырыппен проблемалық мақала басты. Басылымның жазуынша, бүгінде әскери борышын өтеуге ниет еткен жігіттердің сыннан сүрініп, қатарға іліге алмай жүргендері көп. Бүгінде болашаққа берілер жолдама іспетті әскери билетке қол жеткізу де қиындады. Әскери-медициналық сүзгіден сүрінгендердің қатары сиреудің орнына, қалыңдап барады. Биылғы күзгі шақырылымда шымыр деген жігіттердің өзі шалқасынан түсті. Еліміздің қорғаныс саласында қызмет етуге ниет еткен 100 жігіттің тек 20-сы ғана қияметтің қыл көпіріндей болған өткелектен өтіпті.

Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, дүниеге ұрпақ әкелетін әрбір ана салауатты өмір салтын сақтауы, дұрыс тамақтануы, жағымсыз әдеттерден бойын аулақ ұстауы ләзім. Өкінішке қарай, бүгінде жас аналардың бәрі дерлік бұл қағидаға құлақ аса бермейді. Бұған бірінің тұрмыстық жағдайы мүмкіндік бермесе, енді бірі Еуропаға еліктеймін деп, денсаулықты ескермейді. Бұл мәселе жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Кіндігі ашық қыздан кінәратты бала туады» атты мақаладан тереңірек білуге болады.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, кеше «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин қоғамдық қабылдау өткізді. Осы шара барысында көтерілген мәселелерге байланысты болашақта қоғамдық қабылдау кезінде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отыратын болды. Қоғамдық қабылдау орындарына тұрғындардан түскен өтініштерге қарағанда, тұрғын үй қазақстандықтар үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қоғамдық қабылдау шаралары барысында орын алған осы және өзге де мәселелер «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Эффект «обратной связи» атты мақалада кеңінен қозғалған.