15:20, 24 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Арал ауданында Өзбекстаннан келген алаяқ әйелдердің тобы құрықталды - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Арал ауданында өздерін жоғары тылсым күші бар емшілер ретінде көрсетіп, жұрттың сеніміне кіріп алып, соңынан оларды тонап кетіп жүрген төрт әйелден құралған қылмыстық топ құрықталды.
Көршілес Өзбекстан азаматшалары болып табылатын бұл төртеудің ең үлкенінің жасы 43-те болса, ең жасы әлі кәмелетке де толмаған көрінеді. Олар өздері келетін үйдің алдына алдын-ала тырнақ пен шаш секілді заттарды көміп қойып, оларды артынан ашып шығарып, үй иелерін алдап соғып отырған. Ал әр сеанстары үшін 20-40 мың теңге аралығында теңге алатын болған.
Квартет мүшелері қашып бара жатқан жерлерінде жол полициясы қызметкерлері қолға түсірді. Қазір олардың үстерінен алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалды.