Халықтың алғысынан асқан бақыт жоқ — 49 жыл бойы Арал халқына қызмет еткен дәрігер

АСТАНА. KAZINFORM — Дәрігер туралы сөз болғанда, әдетте оның жасаған отасы мен құтқарған науқастары немесе еңбек өтілі айтылады. Ал біздің кезекті кейіпкердің бойынан мұның барлығы табылады. Алайда оның басты ерекшелігі — тек кәсіби жетістігінде емес, туған жеріне деген адалдығында. Жолдасбай Жақсылықұлы Қызылорда өңірінің Арал ауданында 49 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Жолдасбай Жақсылықұлы
Фото: Жолдасбай Жақсылықұлының жеке мұрағатынан

Шалғайда шыңдалған дәрігердің еңбек жолы

Ақ халат киген абыройлы азамат — Арал аудандық ауруханасында дәрігер-инфекционист. Ол жарты ғасырға жуық уақыт осы салада табан аудармай қызмет етіп жатыр. Жасы жетпістен асса да, кәсібіне адал.

Оның бұл мамандыққа қызығушылығы мектеп кезінде оқыған медициналық кітаптардан басталған. Әсіресе, орыс ғалымдары жазған жұқпалы аурулар туралы еңбектерді құмарта оқыған екен. Сол арман жетегімен ол Алматы медицина институтын тәмамдап, еңбек жолын туған жерінде бастаған.

—1978 жылы Арал ауданына қарасты Шижа ауылына келдім. Кеңес дәуірінде Арал кеңшар (совхоз) еді. Екі ақ дәрігер болдық. Акушер болып айы-күні жеткен жандарды босандырдық, амбулаториялық ота да жасадық. Кеңес дәуірінде қойшыларды 280-300 шақырымға жіберіп қой бақтырады. Сол шет жерге барып, әр қайсысының денсаулығын тексеретінбіз. Үйлеріне дәрі қорабын тараттық. Менің мамандығым инфекционист деп отырмадық, бәріне көмек бердік, — деді ол.

Кеңес дәуірінде қай салада болсын маман тапшы еді. Әсіресе дәрігерлердің жүктемесі ауыр болатын. Олар күн-түн демей бірнеше елді мекеннің халқына қызмет көрсетті. Осындай шақыртулардың бірінде жас дәрігер Жолдасбай Жақсылықұлы диагноз қойып, алғашқы науқасын емдеген.

— Ең алғашқы науқасым жас жігіт еді. Санавиация шақыртуымен шалғай ауылға бардық. Келсек науқастың дене қызуы көтерілген, тұла бойы қып-қызыл, көздері де қанталап тұр. Мен тексеріп «иерсиниоз» деген инфекциялық диагноз қойдым. Ауданға жеткізген соң диагнозым расталды. Тиісті ем жүргізіп, науқасты аман-есен аяққа тұрғыздық. Ол кезде санавиация да күттірмейтін, шақырту түссе бірден жолға шығатын, — деді Жолдасбай Жақсылықұлы.

Арал бөлімше
Фото: Жолдасбай Жақсылықұлының жеке мұрағатынан

Шижа деген шалғай ауылда кейіпкеріміз он жылға жуық еңбек етті. Кейін 1989 жылдан бастап Арал ауданына ауысқан. Мұнда ол инфекционист бола жүріп, амбулаториялық оталарды да жасапты.

— Арал кеңшарында жұмыс істегенімде Сазды елді мекенінен алты жасар баланы алып келді. Құлаған кезде жауырын тұсына темір терең кіріп кеткен. Тексергенде қан тамыры мен сүйегіне зақым келмегені анықталды. Амбулаториялық ота жасап, темірді алып, жарасын тіктік. Бұл менің алғашқы операцияларымның бірі еді. Қазір ол бала аман-есен, бір үйдің отағасы, — дейді дәрігер.

Жолдасбай Жақсылықұлының 49 жылдық еңбек жолында мұндай оқиғалар көп. Оны тек инфекционист қана емес, әмбебап тәжірибелі дәрігер деуге болады. Арал ауданына ауысқанына да 39 жыл болған. Осы уақыт ішінде ол түрлі сынақтарда халықпен бірге болып, ауылдастары үшін аянбай еңбек етті.

— Оқуымды бітірген соң, туған жерге қызмет ету керек деп шештім. Өзім өскен өңірдің жағдайын жақсы білетінмін, шалғай ауылдарға дәрігерлер де бармайтын. Сондықтан оқу бітіре сала ауылдастарыма қызмет етуге асықтым. Үйдің жалғыз баласы болғандықтан, ата-анамның да жанында болдым. 49 жыл бойы осы өңірде еңбек етіп, халықтың алғысына бөлендім. Бұдан асқан бақыт жоқ, — дейді ол.

Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның бәріне көмек көрсеткен дәрігердің еңбегі ел есінде. Әсіресе, жерлестері оның жаһанды жалмаған коронавирус кезіндегі қызметін бағалайды. Сол уақытта Жолдасбай Жақсылықұлы жеті ай бойы емханадан шықпай, әр науқасты емдеуге жанын салған.

— Коронавирус елге келген ауыр кезең болды. Ол уақытты еске алсам, жүрегім ауырады. Әріптестеріммен бірге инфекциялық бөлімшеде жеті ай бойы 24/7 жұмыс істедік. Үйге қарай аяқ баспадық. Вирус өте қауіпті еді, кеше ғана күліп жүрген адам ертесіне төсекке таңылып қалатын. Ауруханаға науқастар көп түсті, біреуі сауығып шықса, біреуі… Аудан тұрғындарының өмірін сақтап қалу үшін барымызды салдық, — деді дәрігер-инфекционист.

Жолдасбай Жақсылықұлы
Фото: Жолдасбай Жақсылықұлының жеке мұрағатынан

Заман өзгерсе де, мамандыққа деген талап өзгермейді 

«Елу жылда ел жаңа» демекші, кейіпкеріміз жарты ғасыр ішінде заманның да, адамның да өзгергенін айтады. Оның сөзінше, бұрын жастар білім іздеп кітапхана табалдырығын тоздырса, бүгінде ақпараттың басым бөлігі ғаламтор арқылы қолжетімді. Бірақ дәрігер мамандығына деген талап бір.

— Біз 1970-жылдары білім алдық. Ол уақыт пен қазіргі кезеңнің айырмашылығы көп. Бұрын тәртіп, этика, мәдениетке ерекше мән берілетін, дәрігерлердің абыройы да жоғары болатын. Біз үнемі ізденіп, кітап оқып, білімімізді жетілдірдік. Әр науқасты аппаратсыз-ақ, денесінің сыртынан қолмен сезіп, жағдайын анықтайтынбыз. Анықтамаларды жазбаша толтырдық. Ал қазір медицина дамыған, барлық жүйе цифрландырылған. Бірақ жастардың кейбірі жалқау, — деді Жолдасбай Жақсылықұлы.

аурухана
Фото: pexels.com

Зейнет жасына келген Жолдасбай Жақсылықұлы бүгінде бар күш-жігерін жас мамандарды тәрбиелеуге бағыттап отыр. Оның басты мақсаты — жылдар бойы жинаған тәжірибесін кейінгі буынға жеткізіп, өз ісінің нағыз мамандарын даярлап шығу.

— Қазір ауылдық жерлерде маман тапшылығы бар. Сондықтан келіп жатқан жас мамандарды дайындап, бар тәжірибеммен бөлісіп жүрмін. Халық айтқандай, «Ізінен ерген інінің өкшесін баспа, белін бу». Уақыты келгенде орнымды босатып, жастарға жол беремін. Ең бастысы, жас буын Гиппократ айтқандай: «Дәрігердің киімі таза, жүрегінде жылулық, алақаны жұмсақ, адамға деген ықыласы бөлек болу керек». Осы қасиеттер әр дәрігердің бойынан табылуы тиіс, — деді ол.

Оның айтуынша, дәрігер мамандығын таңдаған кейбір жастарда өз ісіне деген шынайы құштарлық жетіспейді. Ал ақ халатты кию үшін жүрек те, ниет те ақ болуы қажет.

— Қазір кейбір дәрігерлердің арасында ашушаңдық пен немқұрайлылық байқалады. Бұл — дұрыс емес. Әр маманның адамгершілігі жоғары, жаны таза болғаны жөн. Дәрігер үнемі білімін жетілдіріп, көп оқуы қажет. Қазіргі таңда барлығы қолжетімді. Тек осындай қасиеттер арқылы ғана абыройлы маманға айналуға болады. Ал науқасты «тағы адам ба» деп салқын қабылдау — мамандыққа деген шынайы құштарлықтың жоқ екенін көрсетеді, — деді дәрігер.

Берекелі отбасы — өнегелі өмір

Жолдасбай Жақсылықұлы осы салада жүріп, өмірлік жарын да жолықтырған. Жұбайы екеуі төрт баланы тәрбиелеп өсірген. Ортаншы қызы әке жолын жалғап, дәрігер мамандығын таңдаса, өзге балалары әртүрлі саланың білікті мамандары атанған.

Жолдасбай Жақсылықұлы
Фото: Жолдасбай Жақсылықұлының жеке мұрағатынан

Кейіпкер бос уақытында кітап оқып, үнемі білімін жетілдіруге мән береді. Сондай-ақ бау-бақша егіп, аңшылықпен де айналысады екен.

— Қолым босай қалғанда үйімнің алдына тал егіп, гүл отырғызамын. Бау-бақшама көңіл бөлемін. Өсімдіктерді күтіп баптаған ұнайды. Кішкентай кезімде әкем мылтық ұстауды да үйреткен. Сондықтан арасында сол мылтығымды алып аңшылыққа шығамын, — деді ол.

Жолдасбай Жақсылықұлы
Фото: Жолдасбай Жақсылықұлының жеке мұрағатынан

Бәрін айт та, бірін айт, кейіпкеріміздің еліне сіңірген еңбегі елеулі. Мұны кеудесіне тағылған марапаттары мен медальдары да айғақтайды. Шалғай жерге шағым айтпай, жарты ғасыр бойы тынымсыз еңбек еткен мұндай жан көпке үлгі.

Бұған дейін Kazinform тілшісі медицина саласы мамандарына көрсетіліп жатқан қолдауға тоқталды.