Арал маңы халқына өтемақыдан да басқа көмек керек — экобелсенді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – ️ 22-24 сәуір аралығында Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтеді. Саммиттің панельдік сессиясында Арал өңірі халқының денсаулығы бойынша мәселе талқыға түспек. Kazinform тілшісі ауқымды іс-шара қарсаңында «Тұран ойпаты - Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің заңгері, экобелсенді Нұртуған Тұржановпен теңіздің бүгіні мен болашағы, теңіз жағалай қонған жұрттың ахуалы туралы сұхбаттасты.

Аральское море
Фото: swissinfo.ch

- Аралдың жайын әлеуметтік желіде де, биік мінберлерде де жиі қозғап жүрсіз. Әңгімеміздің әлқиссасын сессияның осы тақырыбына байланысты өрбітсек. Қандай ұсыныстарыңыз бар?

- Жиын 22 сәуірде елордада ұйымдастырылатын Халықаралық Аралды құтқару қорының саммитіне орайластырылып отыр. Онда нақты қандай мәселелер талқыға түсетінінен хабарым жоқ. Дегенмен, Арал мәселесі ескерілсе, тек қуанамын. Жыл басында Тараз қаласында «Аралға су келе ме?» атты экомарафон, Тараз университеті және бірнеше қоғамдық ұйыммен бірге экологиялық конференция ұйымдастырдық. Жиын нәтижесінде қарар қабылдап, Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы - Президент Қасымжомарт Тоқаевтың атына хат жолдадық.

Хатта атап өткеніміздей, 2025 жылы Ашхабадтағы басқосуда Мемлекет басшысының БҰҰ аясында Су ресурстары комитетін құру ұсынысы үмітіміз қайта оятқандай болды. Бұл бастама әлемдік ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған стратегиялық қадам деп есептейміз. Онда әлемдік деңгейде су ресурстарын жүйелеу туралы тамаша ұстаным тұр.

Аса тоқталып өткіміз келетіні, 2026 жылы 15 наурызда қабылданған жаңа Конституция негізінде Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заңның қайта қаралатыны туралы ұстанымға және БҰҰ Бас Ассамблеясының 2021 жылғы 18 мамырдағы қарарына сәйкес экологиялық инновация және технологиялар аймағына кіретін Арал ауданының арнайы аймақ немесе облыс болып құрылуына назар аударуды сұраймыз.

Одан бөлек, жұмыссыздық пен әлеуметтік ауыртпалықтарды жеңілдету мақсатында Арал қаласындағы көне кеме (вагон) жөндеу зауытының негізінде әскери мақсаттағы республикалық тапсырыс қабылдайтын зауыт, экономикалық және өндірістік тиімділігі жағынан өте қолайлы жол тоғысында орналасқан Сексеуіл елді мекенінде тепловоз жөндеу және құрастыру зауытын салудың қажеттілігін атап өттік.

с
Фото: Нұртуған Тұржановтың жеке архивінен

Арал өңірінің тағдыры – бүкіл адамзаттың ортақ мәселесі. Арал өңірі экологиялық апат аймағынан инновациясы мен технологиясы жетілген жасыл экономика өзегіне айналатынына сенгіміз келеді.

- Жергілікті халықтың денсаулығына байланысты не белгілі?

- Кейінгі кезде дәрігер ғалымдар жасаған нақты кешенді медициналық қорытынды кездестірмедім. 2022 жылғы мәліметке сүйенсек, Арал ауданы бойынша жүйке аурулары, оның ішінде Паркинсон ауруы 32, эпилепсия 62, ми қан айналымының бұзылуы, яғни инсульт 131 адамда кездеседі. 328 бала мүгедектікпен тіркелген: сусамыр немесе қант диабеті – 15, ақыл-ой кемістігі – 32, жүйке аурулары – 115, оның ішінде балалардың церебралды сал ауруы – 64, эпилепсия – 9, көз ауруы – 18, құлақ ауруы – 14, туабітті аномалия – 100. Одан бергі статистиканың қалай өзгергенін білмеймін.

Бірақ бұдан Арал маңы тұрғындарына өтемақы түріндегі көмек беруден бөлек мемлекеттік деңгейдегі кешенді комиссиялық зерттеу жүргізу, ақысыз емдеу орталықтарын ашу, көп ұзатпай емдеу жұмысын қолға алу керек екенін көреміз. Кейінгі кезде Арал қаласы тұрғындарының келбетінде жақсы көңіл-күй нышаны байқалады. Бұл, алдымен, тұрмыстық жағдайдың нарыққа бейімделуімен, мемлекеттегі оң өзгерістермен байланысты болса керек. 

с
Фото: Нұртуған Тұржановтың жеке архивінен

- Теңіздің тола бастағаны туралы статистика шындықпен қаншалықты сәйкес келеді? Кіші Аралды сақтап қалу бағытындағы жұмысты қалай бағалайсыз?

- Солтүстік Аралдағы су деңгейі кейінгі 3 жылда өзгерген жоқ. Кейінгі кезде әлеуметтік желіде тарап жүрген «теңіз толды» деген ақпарат жалған. Дәрменсіз халықты алдарқатуға бағытталған әдіс.

Негізі Солтүстік Аралды сақтап қалу бағытындағы жұмысты жоғары бағалаймын. 2005 жылы Көкарал бөгетінің салынғаны дұрыс болды. Өкініштісі, содан бері жалғасуы қажет жобалар 20 жылдан астам уақытқа тоқтап қалған. Сылтау ретінде оның бір немесе екі деңгейлі болатыны айтылып жүр. Біз, «Тұран ойпаты - Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі осы ұстанымға қарсы барынша жұмыс істедік. Өткен жылы Су ресурстары және ирригация министрі Арал өңіріне бірнеше рет жұмыс сапарымен келгенде нақты бір деңгейге тоқтап, 2-4 метрге бөгетті көтеру жөнінде шешім қабылдады.

Бұл нақты жұмыстың бастамасы деп есептейміз. Аралды Сырдария суымен ғана емес, басқа да су көздерімен байланыстырудың ғылыми-тәжірибелік жолдарын іздеген жөн. 

- Сонда ол қалай?

- Басқа су көздері деп отырғанымыз – солтүстік суы, ішкі, жерасты суы, бұлттан жаңбыр алу арқылы. Біз климаттық жылу, әлемдегі су тапшылығы кезеңі және тағы да басқа жайттарды түсінеміз. Десе де, Арал теңізін толық қалпына келтіруге болатынына сенеміз. Оған басты кепіл – климаттық жылыну, мұздың еруі, әлемде су мөлшерінің шамадан тыс көбеюі. Судың молаю кезеңінде Евразия материгінің дәл ортасында отырған жұрт құрғақшылыққа душар болып, табиғи баланс «термостаты» — Арал теңізі құрғап барады.

Әлемдік деңгейдегі жобалардың бірі – Сібір өзендерінің суы Арал теңізін сақтап қалуға толық мүмкіндік берер еді. Сонымен бірге бар су көздерін ысырапсыз, жүйелі пайдалану су көзін едәуір ұлғайтатыны рас. Аралға мұхит көздерінен су жолын тарту жобалары да жүзеге асып қалуы әбден мүмкін. Оған жаңа инновациялық технология мен жасанды интеллекттің көмегі мол.

Мемлекеттердің қолдауымен жаңа инновациялық технологиялар суды жердің астынан, үстінен, бұлттан (жаңбыр) алу мүмкіндігін зерттеп, халық мұқтажын өтеуге бере алады деп сенеміз.

с
Фото: Нұртуған Тұржановтың жеке архивінен

- Арал халқына ортақ негізгі мәселелер қандай? Теңіздің оралуына байланысты экологиялық, әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсарады деп айта аласыз ба әлде басқа жолын қарастыру қажет пе?

- Бұл жерде Президенттің Ашхабадтағы БҰҰ аясында Әлемдік су ресурстары комитетін ашу арылы су көздері мен жүйесін үйлестіру жөніндегі ұстанымы жүзеге асса, керемет болар еді. Ал өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына келсек, апат аймағы тұрғындарына арналған әлеуметтік көмек заңы ескірді. Оны қайта қарап, толықтыру керек. Заңды БҰҰ Бас ассамблеясының «Арал өңірі экологиялық инновация және технологиялар аймағы болып жариялансын» деген қарары негізінде қайта қарау керек және осы заң бойынша Қазақстандағы Арал өңіріне жататын аудандардың шекарасын айқындап, жаңа инвестиция немесе басқалай көмек көздерін мақсатты пайдалануға жол ашуы тиіс.

- Мемлекет басшысының Аралды сақтау мәселесін Ұлттық құрылтай деңгейінде көтеруі қандай серпін берді?

- Бұл мәселені құрылтай деңгейінде көтергені құптарлық. Серпін бергені тек кейінгі жұмыстар нәтижесінен арнайы бағдарлама қабылданып, соны орындауға кіріскенде ғана көрінуі мүмкін. «Тұран ойпаты - Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі теңіз мәселесін ұдайы көтеріп келеді. Біз бірқатар мәселе мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс деп есептейміз. Оның ішінде Президенттің БҰҰ аясында Су ресурстары комитетін ашуға қол жеткізуі, солтүстік суын Аралға жеткізу жобасын жеделдету, бұлттан жаңбыр алу технологиясын игеру керек. Бұл тым болмағанда егіндікке керек су мен микроклиматты оңтайландырып, теңізге құятын дария суын ұрлауды тежейді.

Сонымен қатар жерасты су көздеріне ғылыми зерттеу жүргізуді, аз болса да егінге пайдаланып, дария суына салмақ салмауды, Арал теңізіне тиесілі жылдағы 3 млрд текше метр суды бақылау, оны жеткізбегендерді қатаң жауапкершілікке тартуды, БҰҰ Бас ассамблеясының «Арал өңірі экологиялық инновация және технологиялар аймағы болып жариялансын» деген қарарын заңдық нормаға жеткізуді, соның аясында Арал туралы заңды қайта қарауды ұсынамыз.

Экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, денсаулық сауықтау бағыттарын айқындап, жүзеге асыру арқылы ғана Президенттің құрылтайда айтқан сөзінде серпін бар дей аламыз. 

Еске салайық, Өңірлік экологиялық саммит өткізу бастамасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясы барысында көтерген еді.