Арал өңірінің проблемаларын шешу ЕҚЫҰ аясындағы экологиялық мәселелерді реттеуге үлгі болуы тиіс- Қ. Саудабаев
А. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Арал өңірінің проблемаларын шешу ЕҚЫҰ экологиялық мәселелерін реттеуге үлгі болуы тиіс. Бүгін елордада ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев елімізде тіркелген дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесуі барысында осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ЕҚЫҰ-ға төрағалық бойынша экономика-экологиялық өлшемдер бойынша шекараны кесіп өту пункттеріндегі тиісті басқаруларды қолдану, қауіпсіз және тиімді жерүсті көлікті дамыту мәселелері басымдықта қарастырылады. Біз бұл мәселелердің ғаламдық дағдарыстан шығу жағдайында аса маңызды болып табылатынына сенімдіміз. Осы бағыттағы пікірталасқа ІІІ Астаналық экономикалық форум қосымша серпін береді деп ойлаймын. Аталған форум ағымдағы жылдың шілде айына жоспарланып, «Дағдарыс сабақтары және жаһандану жағдайында әрі дағдарыс кезіндегі экономикалық даму үлгісі» тақырыбын қамтитын болады», деді Қ. Саудабаев. Сонымен бірге, Қ. Саудабаев тағы бір өзекті әрі маңызды мәселе ретінде Арал өңірінің проблемаларын шешу жөніндегі қызметтерді атап өтті. Оның айтуынша, бұл проблеманы орнықты шешу ЕҚЫҰ шеңберіндегі экологиялық проблемаларды реттеу барысында үлгі бола алады.