Арал теңізі мен Семей полигонының балалар денсаулығына әсері талқыланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Энергетика министрлігінде БҰҰ Балалар құқықтары жөніндегі комитетінің үш негізгі бағыттағы ұсынымдарын іске асыру бойынша маңызды мәселелер талқыланды.
Атап айтқанда, олар - қоршаған ортаны қорғау; Арал теңізі мен Семей ядролық полигонының балалар денсаулығына әсер етуі; топырақ пен судың өнеркәсіптік қалдықтармен, ауылшаруашылық ластағыштарымен және химикаттармен ластануы және олардың балалар денсаулығына әсер етуі, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бала және қоршаған орта» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары З.Я.Балиеваның, Б.Қ.Хаменованың, М.Б.Теміржановтың, энергетика вице-министрі Ғ.Қ.Сәдібековтің, ауыл шаруашылығы вице-министрі С.Р.Егізбаевтың, мемлекеттік органдар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.
Іс-шара соңында ұсынымдар жобасы қалыптастырылды. Олар 2016 жылдың 21-22 қарашасында (Астана қ,. Бейбітшілік және келісім сарайы) Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ЮНИСЕФ-тің 70 жылдығына арналған «Балаға мейірімді Қазақстан» халықаралық конференциясында «Бала және қоршаған орта» диалог алаңында талқыланатын болады.