Арал теңізі туралы жаңа деректі фильм түсірілді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оны Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты, Аралды құтқару халықаралық қоры Атқарушы комитеті, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы, «Неміс толқыны» медиакомпаниясы және Германияның Алматыдағы Бас консульдығы бірлесіп ұйымдастырды. Бұл басқосу кезінде «Тұңғиықтан қайта тірілу: Арал қасіреті» деп аталатын жаңа деректі фильмнің тұсауы кесілді. Сценарий авторлары - Татьяна Жанділдина мен Ули Хуфман, ал режиссеры - Дина Байсүгір.
«Бұл жобаның іске асуы Германияның Қазақстандағы жылына тұспа-тұс келгеніне қуаныштымын. Біз Қазақстанмен өзара тығыз байланысымызда табиғат мәселелерін де назардан тыс қалдырмауға тырыстық. Соған сай, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы мен «Неміс толқыны» радиосының бірлесіп түсірген бұл фильміне қолдау білдірдік», деді Германияның Бас консулы Герольд Амелунг.
«Фильмде Арал теңізінің солтүстік бөлігінің бүгінгі хал-ахуалы, ондағы тұрғындардың жағдайы сөз болады. Біз бес күндік сапар кезінде теңіз тіршілігінің қайта жандана бастағанын көрдік. Бөгет арқылы судың толысып келе жатқанына куә болдық. Фильмде біз КСРО заманынан қалған қаусаған кемелерді көрсеткіміз келмеді. Арал қасіретін отаны Сыр өңірі болып табылатын Қорқыттың қобызы әлдеқайда жақсы сезіндіреді деген шешімге келдік», дейді фильм авторларының бірі Татьяна Жанділдина. Оның айтуынша, енді Арал теңізінің оңтүстік жағалауларына саяхат жасау жоспарланып отыр. Бұған дейін Арал теңізі туралы 1985 жылы Сергей Әзімовтың «Аралды жоқтау» деген деректі фильмі түсірілген болатын. Алайда ол Кеңес заманында түрлі кедергілермен көрерменге жетпей қалды.