Арал жұртшылығы қос бірдей арнайы пойызды қарсы алды (ФОТО)

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы қызметкерлері Арал қаласында Абай атындағы аудандық кітапханада семинар-тренинг өткізді. Оны Ұлттық академиялық кітапхана бас директорының бірінші орынбасары Ғалия Исақанова, Мерзімді басылымдар бөлімінің жетекшісі Айнагүл Мектепова, Əлем əдебиеттері бөлімінің маманы Гүлмира Құсайынова ұйымдастырды.
"Кітапханада "Менің Елім - Мəңгілік Ел" атты жоспарлы фото-құжаттық көрме ұйымдастырылды. Оған 120 кітап, 15 мерзімді басылым, 31 фотоқұжат қойылды. Сонымен қатар, "Менің Қазақстаным" пойызының "Теңдессіз сыйлық" акциясы аясында аудандық кітапханаға Ұлттық академиялық кітапхана жəне ҚХА-ның арнайы əкелген 43 кітабы табысталды", - деп атап өтті Ғ. Исақанова.
Оның айтуынша, Аралдағы қалалық тарихи мұражайды аралау жұрттың көңіліне ерекше əсер етті. Өткен жылдың желтоқсанында ашылған бұл мұражай қазақ əдебиетінің классигі, Сыр өңірі, Арал топырағының төл тумасы Əбдіжəміл Нұрпейісовке арналған. Мұражай экспозициясы əдеби мұра негізінде құрылып, жазушының қоғамдық, мемлекеттік қызметін айқындайды.
"Біз мұндай шараларды "Менің Қазақстаным" арнайы пойызы тоқтаған барлық қалаларда ұйымдастырып келе жатырмыз. Ол жерлердегі барлық кітапханаларға кітаптар сыйлап, қызметкерлеріне Ұлттық академиялық кітапхананың электронды мұрағатымен қалай жұмыс істеуді үйретудеміз. Олар өз кезегінде сол жұмысты жергілікті оқырмандарға үйрететін болады", - деп толықтырды Ғ. Исақанова.
Айта кетейік, Арал қаласына осыдан үш күн бұрын "Жəрдем" кеңес беру-диагностикалық пойызы да келген екен. Пойыз жетекшісі Сейілхан Артықбаевтың айтуынша, ондағы дəрігерлер осы уақыт аралығында 1849 адамға медициналық көмек көрсеткен.