Аралас жекпе-жектен Алматыда өткен халықаралық турнирде қазақстандықтардың мерейі үстем болды
АЛМАТЫ. Тамыздың 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Аралас жекпе-жектен кеше Алматыда өткен халықаралық турнирде қазақстандық спортшылардың мерейі үстем болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Онда рейтингтік кездесулерді бұған дейін 26 кездесу өткізіп сәуір айында Алматыда өткен турнирде 60 киләға дейінгі салмақта қазақстандық Бегнар Аманбаевтан ғана ұтылған ресейлік Ваха Алиев бастады. Ол бұл жолы қырғызстандық Тологон Сарықовтан басым түсті. Ал шаршы алаңға қазақстандықтар арасынан алғашқы боп көтерілген Қазыбек Әшімов ресейлік Сергей Яковлевті мойын бұрау тәсілімен жеңді. Қазыбек өткен турнирде өзбекстандық Білімбек Шабировты тізе бүктірген болатын. Қазыбектің жеңісті жолын одан кейін Нариман Мұсаев (65 кг) пен Мейірлан Құрманәлиев (70 кг) жалғастырды. Қырғыз спортшыларымен жұп құраған Нариман - Рахманжан Мұратовты, Мейірлан - Марат Қайыповты қапы қалдырды. Олар өткен жолы да көрші елден келген Урмат Асанбаев пен Рүстем Жұмалыұлы есімді қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген еді. Өз бауырларының бұл жеңілісін 90 келіден жоғары салмақта ресейлік Лом-Али Медиевпен болған сайыста тағы бір қырғыз спорт шебері Жәнібек Аматов қайталады. Ал осы салмақта супер жекпе-жек өткізген бауырлас қырғыз елінің келесі бір спортшысы Қылыш Сарқарбаев қана өз елінің құрамасына жалғыз жеңісті сыйлады. Ол қазақстандық Жанқош Тұраровтан айласын асырды. Рейтингтік кездесулер бұдан кейін кәсіпқой бокс шеберлерінің 4 раундтық жекпе-жегіне ұласты. Онда Перу елінің атынан сынға түскен Франк Эрик Парэдэс қазақстандық Жанқош Тұраровқа ұпай санымен ұтылды. Халықаралық турнирдің көрермен тағатсыздана күткен титулдық жекпе-жегі оңтүстік кореялық Сео Сюнг Кионг пен қазақстандық Бейбіт Назаров арасында болды. Онда ережесіз жекпе-жектің WAFC тұжырымы бойынша Әлем чемпионы атағын Бейбіт Назаров жеңіп алды. Соның нәтижесінде Қазақстанда енді қос Әлем чемпионы бар. Олар ағайынды Ардақ пен Бейбіт Назаровтар. Бейбіт бұған дейін джиу-джицуден Қазақстанның екі дүркін және ережесіз жекпе-жектен Азия және Еуразия чемпионы атанған болатын. Ал Ардақ ережесіз жекпе-жектен Азия, Еуропа чемпионаттары мен Әлем кубогының жеңімпазы және Еуразияның 2 мәрте, Әлемнің 3 мәрте чемпионы атанды.