Аралда балық шаруашылығы тарихы мұражайы құнды жәдігерлермен толықты

Мұражай туған жердің тарихы мен танымын айғақтайтын, мұрасын ұлықтайтын мәдени орын ретінде тұсауын кескен еді. Оған Аралдың толқынынан бойына рух сіңіре білген теңізбен тағдырлас талант иесі, кезіндегі балық шаруашылығы министрі, мемлекет және қоғам қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы Құдайберген Саржанов ұйытқы болды.
Игілікті шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысты. Ол мұражай қорын жасақтауға белсене қатысқан Құдайберген Саржановқа алғысын білдірді.
«Тұңғыш Президент- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасын іске асыруға ерекше мән берілген. Осы бағытта ашылған бұл мұражайдың маңызы зор. Бұл мәдени орынның келешек ұрпаққа өз өлкесін таныту бағытындағы орны ерекше. Мұражайда аса құнды дүниелер жинақталған», - деді Мұхтар Оразбаев.
Өз кезегінде Құдайберген Саржанов рухани мұралардан сыр шерткен мұражай жәдігерлермен таныстырды. Көптеген құнды дүниелермен толықтырылған мұражай бірнеше бөлімге топтастырылған.