Аралдық такси жүргізушісі шетелдік жолаушылардан артық ақы алған
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысының Арал ауданында жергілікті такси жүргізушісі шет ел азаматтары үшін жол ақысын негізсіз көтерген.
Келеңсіз жағдай әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында белгілі болды.
— Полиция қызметкерлері такси жүргізушісінің кім екенін анықтады. Ол Арал ауданының 50 жастағы тұрғыны болып шықты.
Такси жүргізушісі Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзу бойынша және тиісті тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен құқық бұзушыға айыппұл салынды, — делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Жолаушыларды тасымалдау қызметі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
— Тиісті тіркеусіз және рұқсатсыз такси қызметімен айналысуға, жолаушылардан негізсіз жоғары ақы талап етуге жол берілмейді. Аталған талаптарды бұзған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады, — делінген хабарламада.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive сервисіне бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылуына және тұтынушылардың құқықтарының шектелуіне әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы алдын ала ескерту жолдады.