Аралдың балығы 8 мемлекетке экспортталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл 3 айда Қызылорда облысында 1493,7 тонна балық ауланса, соның 93%-ы Кіші Арал теңізіне тиесілі. 

Аралдың балығы 8 мемлекетке экспортталды
Фото: ҚР АШМ

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, осы уақыт аралығында 8 мемлекетке 1 193,4 тонна балық өнімі жөнелтілген. Өңірде 11 балық өңдеу зауыты болса, соның 4-і Еуропалық одақ елдеріне өз өнімдерін экспорттай алады. Экспортталатын су маржандарының қатарында тыран, торта, алабұға, шортан мен көксерке бар.

– Облыс аумағында Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені және балық шаруашылығы үшін маңызды 201 көл бар. Оның ішінде Кіші Арал теңізі толықтай және 164 көл табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде жалға берілген. Ал 37-сі резервтік қорда, - делінген басқарманың хабарламасында. 

Көл-тауарлы балық шаруашылығының саны бүгінде 80-ге жуықтады. Биыл балық өсірушілерге балық жемін сатып алу үшін облыстық бюджеттен жалпы шығынның 30%-ын субсидиялауға 10,1 млн теңге бөлінді.

Айта кетейік, Сырдария өзенінде, барлық су айдынында, сондай-ақ Кіші Арал теңізінде көктемгі балық ресурстары мен басқа да су жануарларының уылдырық шашу және көбею кезеңінде балық аулауға уақытша тыйым салынды. 

Соңғы жаңалықтар