Аралық және төрелік соттардың құзыретін кеңейту мемлекеттік соттардың жүктемесін айтарлықтай азайтады - Әділет министрі

АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат - 2012 жылы елімізде 500 мыңнан астам азаматтық іс қаралған. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төреліктің және аралық соттың қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.
None
None

Құжат бойынша баяндаған Әділет министрі Берік Имашевтің айтуынша, 2011 жылы еліміздегі соттар 500 мыңнан астам азаматтық істерді қараған. Ал, қаралған азаматтық істердің жалпы санының 74 пайызы талап қою бойынша іс жүргізуді құрайды.

«2012 жылы да соттармен 500 мыңнан астам азаматтық істер қаралды. Ондағы талап қою бойынша істердің жалпы саны 70 пайызды құрайды. Яғни, бүгінгі күні соттардың азаматтық істерді қарау кезіндегі жүктемесі өте үлкен болып отыр. Өз кезегінде 2011 жылы еліміздегі аралық соттар 22 істі, ал төрелік соттар 3 істі ғана қараған»,-деді министр Б. Имашев.

Оның пікірінше, аралық және төрелік соттардың құзыретін кеңейту мемлекеттік соттардың жүктемесін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Соған қатысты заң жобасында аралық және төрелік соттардың құзыретін азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды қарау құқығын беру арқылы кеңейту ұсынылады.

«Әлемдік тәжірибеге сүйенсек АҚШ, Украина, Польша, Австрия заңнамасына сәйкес төрелік іс қараудың мәні іс жүзінде мүліктік және мүліктік емес сипаттағы кез келген дау болуы мүмкін»,-деді Әділет министрі.

Соңғы жаңалықтар