Арбада отырғаным үшін мектепке қабылдаған жоқ: депутат жастарды арманынан бас тартпауға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM - Құрылтай депутаты Динара Наумова Астанада өткен «Ұлттық даму күн тәртібінде – жастар» атты сарапшылық диалог алаңында өз өмір жолын баяндап, жастарды қиындықтарға қарамастан алға ұмтылуға шақырды. Ол бала кезінде инклюзивті білім беру жүйесі дамымағандықтан, жалпы білім беретін мектепке қабылданбағынын айтып берді.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен жиында депутат Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген инклюзивті саясат мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл тақырып өзі үшін ерекше маңызды. Өйткені ол бала кезінде мүгедектігі бар балалардың білім алу мүмкіндігі шектеулі болған кезеңді бастан өткерген.
– Бала кезімде мені қарапайым мектепке қабылдамағаны есімде. Ол кезде инклюзивті білім беру туралы көп айтыла бермейтін. Маған «Біз сені қабылдай алмаймыз, өйткені сен арбада отырасың» деді. Бірақ мен оқығым келді, білім алғым келді. Мектепті үйде оқып бітірдім, кейін колледжде, университетте білім алдым. Бүгінде Құрылтай депутатымын. Мұның бәрі мүмкін екенін айтқым келеді. Ең бастысы – өзіңе сену және еліңе пайдаңды тигізуге ұмтылу, - деді Динара Наумова.
Депутаттың сөзінше, бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім беру саласында бірқатар өзгеріс бар. Қазір мүгедектігі бар балалар арнайы мектептерде немесе жалпы білім беретін мектептердің инклюзивті сыныптарында оқи алады. Ол ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталықтарды көбейту маңызды екенін де атап өтті.
Сонымен қатар Динара Наумова жастармен саясатқа келу тәжірибесін бөлісті. Ол 25 жасында Мәжілістің сол кездегі ең жас депутаты атанғанын еске алып, бастапқыда жаңа жауапкершіліктен қорыққанын жасырмады.
– Саясатқа 25 жасымда келдім. Сол кезде Мәжілістің ең жас депутаты болдым. Әрине, қорқыныш болды. Өйткені бұл мен үшін мүлде жаңа сала еді. Мен қоғамдық қызметтен келдім. Бірақ көп нәрсені үйрендім, өзімді өзгерттім. Сондықтан саясатты өздеріңізден алыс дүние деп ойламаңыздар. Әлем өте жылдам өзгеріп жатыр, - деді депутат.
Оның айтуынша, қазіргі парламент құрамында жас әрі белсенді депутаттар жетерлік. Бұл жастардың елдегі саяси үдерістерге қатысуына мүмкіндік беріп отыр. Динара Наумова қоғамдағы өзгерістер бір күнде жүзеге аспайтынын, оған жастардың да белсенді араласуы маңызды екенін жеткізді.
Кездесу барысында депутат жастардың пікірін тыңдау, олардың ұсыныстары мен мәселелерін билікке жеткізу маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуда азаматтардың өтініштері мен кері байланысының рөліне тоқталды.
Айта етейік, бұған дейін Құрылтай депутаты Ақерке Искандерова аталмыш жиынға қатысып, жастардың мемлекеттік шешімдерге ықпал ету жолдарын түсіндірген еді.