Әрбір алтыншы американдық кедейшілікте өмір сүруде
ВАШИНГТОН. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - АҚШ-тың Ұлттық ғылым академиясының мәліметі бойынша, 2008 жылы әрбір алтыншы американдық кедей болған,
деп хабарлайды ҚазАқпарат «Ассошиэйтед пресс» агенттігіне сілтеме жасап.
Академия қызметкерлері медициналық қызметтердің құнын және географиялық жағдайларды ескеретін бағалаудың жаңа жүйесін әзірлеп отыр. Қайта қарап шыққан формуланың негізіндегі есептеулер, елдегі кедейшіліктің деңгейі 15,8 пайызды құрайтынын (47,4 миллион адам) көрсеткен.
Алынған мәліметтер АҚШ-тың Санақ бюросының қыркүйек айындағы көрсеткіштерінен басқаша. Үкіметтік агенттік 1955 жылы қабылданған есептеудің дәстүрлі жүйесін қолданады және елдегі кедейшіліктің деңгейін 13,2 пайыз деп бағалап отыр (39,8 миллион адам).
АҚШ Ұлттық ғылым академиясының мәліметтері бойынша, 65 және одан жоғары жастағы қариялардың 18,7 пайызы (7,1 миллион адам) кедейшілік жағдайында өмір сүріп жатыр. Ал 18 бен 64 жастың аралығында кедейлердің үлесі 14,3 пайызды құрайды. Латынамерикандық халықтың арасында кедейшілік деңгейі - 29 пайызға, ал азиялықтардың арасында 17 пайызға жетіп отыр.