«Әрбір азамат өз құқы мен міндеттерін білуі, қорғай алуы қажет» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Ақпанның 2-сі. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда ақпанның 2-сі, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

 «Әрбір азамат өз құқы мен міндеттерін білуі, қорғай алуы қажет»      - республикалық  басылымдарға шолу

«Еуропа елдерінің саясаткерлері, қоғам қайраткерлері, беделді сарапшылары қаңтардың 14-інде Венада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Тұрақты кеңесінің жиналысы барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев үндеуінде жарияланған және Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрінің баяндамасында ұсынылған төрағалықтың "Жол картасын" белсенді талқылауды жалғастыруда»,- дейді «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі саны. Толығырақ «Төрт тұғыр: Ашықтық» атты мақалаға назар аударыңыз.

***

«Құқық қорғау органдарының қызметіне енді бақылау күшейді». Осындай тақырыппен «Айқын» басылымының бүгінгі санында жарық көрген мақала дағдарыс басталғалы бері қарқыны бәсеңдеп қалған билік жүйесін жаңарту үдерісі таяуда тың серпін алатындығын жазыпты. «Осы күні Ішкі істер министірлігінің алқа мәжілісіне келіп қатысқан Үкіметбасы К.Мәсімов Әкімшіліктік реформа жөнінде шешім қабылдағанын хабарлады. Премьердің айтуынша, Президент осы комиссияны Мемлекет басшысына құқыққорғау жүйесін реформалаудың ары қарайғы бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейтін бас кеңесші орган ретінде белгілеген»,- дейді басылым.

Аталған басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле» айдарында «Әрбір азамат өз құқы мен міндеттерін білуі, қорғай алуы қажет» деген тақырыппен саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлшат Нұрымбетовамен болған сұхбат жарық көріпті. Сұхбатта ұлтымыздың саяси сауаттылығын арттыру, саяси бәсекелестік пен партиялық жүйенің арасындағы байланыс және басқа да өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбиді.

Сенбі күні Алматыдаы Республика сарайында ережесіз жекпе-жектің ең күрделі түрінің бірі - панкратионнан Қазақстан мен Үндістан құрамалары арасындағы матчтық кездесу өткен болатын. Кездесудің егжей-тегжейін «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Үнділердің «үнін шығармай» ұттық» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қала активін жинап, Елбасының Жолдауын талқылауға арналған мәжіліс өткізді. Толығырақ «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санындағы «Мақсатқа сай міндеттер сараланды» деген тақырыппен берілген мақалаға назар аударыңыз.

«Ол мектеп қабырғасында жүріп қоғамдық және ғылыми жұмыстарға белсене араласатын. Содан болар, ұстаздары осы қыздың болашағына үлкен үміт артатын. Расында сол кездегі талдырмаш Талшын, бүгінде медицина саласына барынша үлес қосқан ардақты жандардың бірі»,- деп жазған «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санындағы келесі мақала «Жиырма мың шарананың кіндігін кескен аққол ана» деген тақырыппен Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы акушерлік іс және гинекология бөлімі бастығының орынбасары Талшын Мұхадесқызы Үкібасованың өнегелі өмір жолына арналыпты.

Сондай-ақосы басылымда жарық көрген «Алаш рухының айнасы» атты мақала «Қазақ» газетінің туған күніне орай беріліпті. «Ұлт тарихында мәңгіге жазылған, ұдайы есте жүрмегі ләзім айтулы күндер болады. Алаш жұртының айнасына айналып, халқымыздың тағдырындағы тұтас бір бетбұрысты кезеңнің жылнамашысы болған «Қазақ» газеті жарыққа шыққан 1913 жылдың 2 ақпаны сондай орны айырықша күн»,- дейді басылым.

***

Дүнежүзі бойынша ең алғаш рет біздің елімізде дәстүрлі ем ретінде қалыптасқан сүлік салу емі бүгінде тіпті адам жасын жасартуға да қолданылып жүр екен. Ең қызығы, емнің осы түрін өздеріне де қолданып келе жатқан шетелдік профессорлардың барлығының дерлік жастары 80-нен асқан көрінеді. Сүлікке қатысты қызықты жайлармен танысқыңыз келсе, «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Сүліктің сиқыры» атты мақаланы оқуға асығыңыз.

«Алаш айнасы» газетінің Өркениет бетінен орын алған Айнұр Сенбаеваның «Тәтті өмір үшін емес, өнер үшін жаралған еді» атты мақаласы жарық көріпті. Мақалада автор 21 жасында өмірден өткен балет бишісі Дастан Шыныбаевтың балетке деген құштарлығын айта келе оның осы өнер жолын қуа жүріп, небәрі 21 жасында шетелдегі жұмбақ өліміне алаңдаушылық білдіреді. «Дастандай шекара асқан қаншама жас өреннің тағдырынан біздер бейхабармыз. Кезінде қажеттіліктен шетелге кетуге мәжбүр болған қандастарымыз, өнерпаздарымыз бүгінде туған жерлеріне оралса, оларды шеттетіп жатамыз. Олар да өз елдерін, ана тілдерін жатырқап қалады. Сондықтан болашақта өз топырағымыз тудырған таланттарды өзге елге жалтақтатып, алақан жайғызбасақ екен»,- дейді тілші.

«Литер» басылымының жазуынша, Алматыдағы сыртқы әлеуметтік жарнамалар пайдамен қатар, жұрт денсаулығына зиянын да тигізе алады. Жарияланған мақала желісіне қарағанда, қаланың Розыбақиев пен Төле би көшелерінің бойында қолында теннис ракеткасы бар баланың суреті салынған үлкен билборд ілінген. Онда «Диабет! Ауру емес, өмірдің ерекше үлгісі! Мұнымен өмір сүруге болады!» деген мәтін жазылған. «Осы орайда бұл билборд авторының не айтқысы келді екен деген сауал туындайды. Қант диабеті ауру емес пе? Қашаннан бері ол ауру болудан қалған? Бүгінгі таңда әлемде әрбір 10 секунд сайын 2 адам диабет ауруына шалдығады, ал жылына 4 миллион адам қаза болады. Ал Алматыда бұл жай ғана ерекше өмір үлгісі ме? Мүмкін Қазақстан бойынша диабет ауыр, созылмалы және әзірше емделмейтін ауру түрі болғаннан қалған ба?», деп жазады басылым.

«Атыраудың «Иманғали» орталық мешітінің өз сайты бар», деп хабарлайды «Экспресс К» газеті. Веб ресурстың негізгі міндеті - исламға қатысты қолжетімді және сенімді ақпараттпен қамтамасыз ету.

Қаңтар айының соңында АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында испандық былғары қолғап шебері Габриэль Кампильомен қарымта кездесу өткізген кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменов Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының тұжырымында Әлем чемпионы атанды. Осы жекпе-жек егжей-тегжейлі жазылған мақаланы «Известия-Казахстан», «Литер» газеттерінен оқи аласыздар.