Әрбір азамат өзінің еңбекақысына сәйкес зейнетақы алуы керек - Т. Дүйсенова
АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Әрбір азамат өзінің еңбекақысына сәйкес, зейнетақы алуы керек. Бұл туралы «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Алаң» бағдарламасына қатысқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлім етті. Еліміздегі зейнетақы жүйесіндегі жаңалықтарға арналған аталмыш бағдарламаны алдағы уақытта ұлттық арнадан тамашалай аласыздар.
«Зейнетақы жүйесіне қатысты әлемдік тәжірибеге келсек, егерде жинақтаушы жүйесіне 30 жыл қатысып, жыл сайын 12 мәрте жарнаны оған аударып отыратын болса, жинаққа инфляциялық инвестициялық табыс та қосылып отыратын болса, онда ол азаматқа өзінің алып келген еңбекақысының 40 пайызынан кем болмайтын зейнетақы тағайындалады. Біздің жағдайымызға келсек, қазір 5,6 млн. адам зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысады. Соның 3,8 млн. адамы ғана тұрақты түрде ай сайын зейнетақы жарнасын аударып келеді, ал қалған 2 млн.ға жуығы оны аударып отырған жоқ», - дейді вице-министр.
Вице-министрдің айтуына қарағанда, зейнетақы жүйесінде жұмыс берушілерге көп жауапкершілік жүктеледі. Яғни, жұмыс беруші өзінің еңбеккерінің әлеуметтік жағдайын ойлауы керек. «Әрбір азамат өзінің еңбекақысына сәйкес зейнетақы алуы керек. Жалпы, экономикада азаматтардың жұмыс ерекшеліктеріне орай әртүрлі еңбекақылар болады. Мәселен, дәрігер мен шахтердың еңбекақысы екі бөлек. Дегенмен, еңбекақыға сай зейнетақы алу ең дұрыс шешім деп ойлаймын», - деді Т. Дүйсенова.
Зейнетақы жүйесіндегі басқа да жаңалықтар туралы бағдарламада өрбіген әңгіменің толық нұсқасын «Алаң» бағдарламасының алдағы шығарылымынан көре аласыздар.