Әрбір бесінші су қоймасы техникалық тұрғысынан қанағаттанарлықсыз жағдайда тұр - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің сарапшысы Ж.Мұхатов
АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Әрбір бесінші су қоймасы техникалық тұрғысынан қанағаттанарлықсыз жағдайда тұр.
Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы гидротехникалық ғимараттарды қауіпсіздікпен қамтамасыз ету» тақырыбында өткен ұлттық кеңес барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бас сарапшысы Жұмабек Мұхатов мәлім етті.
«Министрлік облыстық әкімдіктермен, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік және басқа да мүдделі ведомстволармен бірге су шаруашылығы нысандарына техникалық зерттеу жүргізді», - деді Ж.Мұхатов.
Оның айтуынша, бөгеттер мен су қоймалардың қауіпсіздік жағдайына жүргізілген тексеру нәтижелері әрбір бесінші су қойманың қанағаттанарлықсыз жағдайда тұрғандығын көрсеткен.
Ж.Мұхатов гидротехникалық ғимараттар мен гидромелиорация жүйелерінің апатты аумақтарын қалпына келтіру, қайта құрастыру мен пайдалануға беру үшін республикалық бюджеттен бөлінетін жыл сайынғы 3.5-15 миллиард теңге жеткізілкісіз екенін атап өтті. Суландыру жүйелерін қайта құрастыру мен қалпына келтіруге арналған шаралар үшін 2010-2020 жылдар аралығында елімізге 300 миллиард теңгеден астам қаражат қажет.
Сарапшы тек мемлекеттік су шаруашылығы нысандарын ғана қайта құрастырудан өткізу үшін 52,7 миллиардқа жуық теңге қажет болатындығына тоқталды.