Әрбір экспорттаушы 1 тонна астық тасымалдағаны үшін бюджеттен қосымша 20 АҚШ долларын алады - С.Құламбаев

АСТАНА. Желтоқсанның 25-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ -  Ресей аумағы арқылы тасымалдау шығындарына жәрдемақы төлеу бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Ресей темір жолдары» арасындағы келісімдер шеңберінде әрбір экспорттаушы 1 тонна астық тасымалдағаны үшін бюджеттен қосымша 20 АҚШ долларын алады. 
None
None

 Бұл туралы бүгін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Серік Құламбаев аталған ведомствода өткен селекторлық кеңестен кейін журналистермен болған сұхбат барысында айтты.

Оның айтуынша, осыдан кейін астықты экспорттау мәселесі біршама өнімді болмақ. Жалпы 2-3 миллион тонна астық экспорттау жоспарланып отыр.

«Негізінен астық Орталық Азия елдеріне экспортталады. Бүгінгі күні Қытай арқылы Тынық мұхиты бассейндегі елдерге астық жеткізу мәселесі де талқылануда. Сонымен қатар Қытайға 3 миллион тоннаға дейін астық экспорттау мәселесі қарастырылуда», деді өз сөзінде басқарма төрағасының орынбасары.

С.Құламбаевтың сөзіне қарағанда,  қазіргі уақытта Қытаймен Қазақстан астығына квота ашу мәселесіне қатысты келіссөздер жүргізілуде. Көрші елде жоғарыда келтірілген астық көлемін бөлетін «Кофка» корпорациясы жұмыс істейді.

Экспортталатын астықтың 1 тоннасы 18500 теңгені құрап, оған сақтау құны мен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» 3 пайыздық үстемесі қосылады.

Соңғы жаңалықтар