Әрбір қазақстандық қоршаған ортаға деген жауапкершілігін сезінуі тиіс - Мәулен Әшімбаев
«Бүгін - халықаралық тазалық күні. Осынау үлкен халықаралық бастаманы мемлекеттік емес ұйымдар көтеріп, соңғы 10 жылдан астам уақыт бойы бүкіл әлемде қыркүйек айының ішінде осындай шаралар өтуде. Мысалы, өткен жылы халықаралық тазалық күніне 180 мемлекетте 20 млн-нан астам адам қатысқан. Бүгін Экология министрлігінің және елорда әкімдігінің бастамасымен осындай жақсы шара өтіп жатыр. Бір жағынан тұрмыстық қатты қалықтардан саябақтарымызды, көшелерімізді тазартсақ, екінші жағынан ағаш отырғызудамыз. Бұл құптарлық бастама. Жалпы, қоршаған ортаны қорғау біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Президентіміз Жолдауында да осы мәселеге үлкен көңіл бөлгенін білесіздер», - деді Сенат төрағасы «World clean up day» – «Бүкіләлемдік тазалық күні» акциясы барысында.
Осы ретте Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы жылдың соңына дейін жаңа Экологиялық кодекс қабылдауды тапсырғанын, онда аталған саладағы проблемаларды шешуге қатысты шаралар қамтылатынын атап өтті. Президентіміздің бастамасымен ормандарымызда 2 млрд-қа жуық, қалаларда 15 млн ағаш отырғызылатындығын еске салды.
«Бұл үлкен бастама. Ал бүгін осынау үлкен бастаманың тұсаукесері елордамызда өтіп жатыр десек, артық айтқандық емес. Жалпы, алдағы уақытта осы бағытта көп жұмыс атқаруымыз керек. Заңдар да қабылдануы тиіс. Осы бағыттағы жұмысты депутаттар да жалғастырады. Қоршаған ортаны қорғау тек мемлекеттік органдардың мақсаты мен міндеті емес. Өйткені, қоғам мен мемлекеттік органдардың жұмысын біріктіргенде ғана жұмыс нәтижелі болады. Сондықтан әрбір қазақстандық қоршаған ортаға деген жауапкершілігін сезінуі тиіс. Табиғат байлығын қорғау, аялау, табиғатқа деген дұрыс көзқарас ата-бабамызға тән қасиет. Қазақ халқы ежелден табиғатпен үлесімді тіршілік еткен», - деді Сенат спикері.
Айта кетейік, шараға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, елорда әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, еріктілер, мемлекеттік қызметшілер және қала тұрғындары қатысып жатыр.