«Әрбір көлікті «жедел жәрдемге» айналдырамыз ба?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 30 қыркүйек, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Әрбір көлікті «жедел жәрдемге» айналдырамыз ба?» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Өскеменде 100 000 автокөлік шығарылды» деген мақала берілді. 2012 жылдың күзінде Қазақстан және Ресей Президенттері Өскеменде жылына 120 мың автокөлік шығару қуатына ие болатын еліміздегі ең ірі автоөнеркәсіп кластері - «Автоваз» ашық акционерлік қоғамы біріккен кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойған болатын. Біріккен кәсіпорындағы 100 мыңыншы автокөлікті шығару салтанатына өңір басшысы Бердібек Сапарбаев, еліміздің Инвестициялар және даму министрлігінің вице-министрі Алберт Рау, «Азия авто» акционерлік қоғамының бас директоры Ержан Мандиев, «Автоваз» ашық акционерлік қоғамының президенті Бу Андерссон қатысты.

«Қазақстандық өндірісте «Азия авто» конвейерінен 100 мыңыншы автокөліктің шығарылуы - еліміз үшін өте маңызды оқиға. Отандық автозауыттың конвейерінен шыққан 100 мыңыншы жеңіл автокөлікті көргенде кеудеде мақтаныш сезімі оянады. Бұл - бүкіл қазақстандықтардың мақтанышы!» - деді аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев. Аталған зауытта алғашқы көлік 2003 жылы шығарылған болатын. Облыс әкімі өз сөзінде өңірде отандық автокөлік өнеркәсібі құрылған сәтте туындаған сенімсіздіктің артта қалғанын жеткізді.

*** «Айқын» газетінің жазуынша, бүгіннен бастап Қазақстанда «Жол қозғалысы туралы» жаңа ереже күшіне енеді. Осы ереженің талабына сәйкес Денсаулық сақтау ведомствосы әрбір көлікте міндетті түрде болуы тиіс дәрі-дәрмектердің тізімін бұдан үш ай бұрын қайта жасады. Бұдан былай бес орынды көліктері бар әрбір автожүргізуші өзімен бірге алып жүретін «аптечканы» Денсаулық сақтау министрлігінің тізімінде көрсетілген 25 түрлі дәрі-дәрмек, медициналық заттармен толтыруы керек. Ол тізімді жүргізушілер әлі көрген жоқ. «Аптечкадағы» дәрі-дәрмектердің жаңа тізімі Денсаулық сақтау министрінің 2 шілдедегі №368 бұйрығымен бекітілген. Енді қазақстандық көлік жүргізушілер апатқа ұшырай қалған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті метамизол, клемастин, калий перманганаты, новокаин ерітіндісі, шприц, этил спирті, түйреуіш пен қайшыға дейін өзімен алып жүруге міндетті. Тізімде наркоз беретін препарат пен скальпельден басқаның бәрі бар. Енді әкімшілік полициясы аптечканы осы тізім бойынша тексере бастайтын шығар. Егер дәрінің қолданылатын мерзімі өтіп кеткен болса ең төменгі АЕК бойынша айыппұл төлеп құтылуыңыз мүмкін. Бұл жайында «Әрбір көлікті «жедел жәрдемге» айналдырамыз ба?» деген мақалада толық оқи аласыздар.

Осы басылымда «Есің барда ешкі жи...» атты мақала берілген. «Айтайын дегеніміз - келешекте ешкі түлігін өсіру ел экономикасын көтеруге едәуір үлес қосады. Қазақстан экспортқа көптеген мал шаруашылығы өнімдерімен көзге түсуі ықтимал. Соның бірі - ешкі малы. Ешкі малы ежелден-ақ қазақ тұрмысында ерекше бағаланған. Оны көп жағдайда түлік басын көбейту мақсатында өсіреді. Өйткені ешкі - өте өсімтал жануар», - деп жазады мақала авторы. Қой, сиыр орта есеппен жылына бір рет төлдесе, ешкі - жылына екі рет, көбінесе егізден лақтайды. Қонақжай халқымыз ертеректе қонағына қой сойғаны болмаса, былайғы кезде шыртылдатып бөрте лақты жығатын. Ешкі еті қой етіне қарағанда тез қататыны рас. Бірақ ол сіңімді әрі жеңіл, кенеуі де мол тағам. Себебі, ешкі табиғатынан шөптің шүйгінін, 550-ден аса түрін жейтін, судың тазасын ішетін өте талғампаз мал.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Академик атындағы дәрісхана ашылды» деген мақала жарияланды. Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде елімізге белгілі тілші-ғалым, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рәбиға Сыздыққа арналған «Академик Рәбиға Сыздық атындағы дәрісхана» ашылды. Дәрісхананың ашылу салтанатына Рәбиға Сыздық, ғалымның әріптестері, белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, оқытушылар мен студенттер қатысты. Дәрісхананың лентасын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, «Мемлекеттік тілге - құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Осман салтанатты түрде қиды.

***

«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Налетай, шофера, - раскупай номера» деген мақала басылды. Қазақстанда қараша айынан бастап таңдаулы, айрықша нөмірлер сатыла бастайды. Бұл мақалада мұндай нөмірлердің бағасы жайында, сондай-ақ әлем елдерінде таңдаулы нөмірлерді саудалаудың тәжірибесі жайында кеңінен жазылған.