Әрбір төртінші сириялық көмекке мұқтаж
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Дағдарыс жайлаған Сириядан қашқан босқындардың жартысынан астамы - балалар.
Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының осы аймақтағы босқындар ісі жөніндегі үйлестірушісі Панос Момтзис мәлімдеді.
Нью-Йоркте Бейбітшілік жөніндегі халықаралық университетте баяндама жасаған Панос Момтзис: «Сирия халқының әрбір төртінші тұрғынына көмек керек. Бұл көрсеткіш одан сайын өсе ме деп қауіптенемін», - деді.
Muslim.kz сайтының жазуынша, БҰҰ сарапшылары Сириядан күн сайын 3 мың адамның шекара асып, босқынға айналатынын анықтаған. Дәл қазір халықаралық ұйым 650 мың сириялық босқынды ресми тіркеуіне алған. Ал жарты жылдан соң бұл көрсеткіш екі есеге артуы мүмкін көрінеді.
БҰҰ өкілдері Кувейтте 30 қаңтарда өтетін донорлар конференциясы кезінде сириялықтарға қаржылай көмек ретінде 1,5 миллиард доллар жиналатын шығар деп үміттеніп отыр.