Әрбір бесінші бала артық салмақтан зардап шегеді – Ақмарал Әлназарова

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда балалар арасындағы семіздік 6%-ға артқан. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті. 

ожирение
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Бүгінде әрбір бесінші бала артық салмақтан зардап шегеді, балалар арасындағы семіздік соңғы мәліметтер бойынша 6 пайызға жетеді. Бұл көрсеткіш жыл санап өсіп келеді, әсіресе ер адамдар арасында. Балалар арасындағы семіздік, ол өскен сайын қант диабетіне, қан айналымы жүйесінің ауруларына алып келеді», - деді Ақмарал Әлназарова ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында.

Министр мысал ретінде темекі шегу мен қант қосылған сусындардың зиянын келтірді.

«Темекіге қатысты нормаларды заңнамада дұрыс жаздық және ол орындалып жатыр. Темекі өнімдеріне бағаны көтереміз. Сол сияқты қант қосылған сусындарды тұтыну проблемасы да бар және бұл сала бақылаусыз. Себебі бұл жалпы тұтынуға жатады, мұның бәрі денсаулыққа кері әсер етеді. Бұл бағытта біраз жұмыс атқаруымыз керек. Өкінішке қарай, өткен жылы әрбір бесінші адам қан айналымы жүйесінің ауруынан қайтыс болған. Одан бөлек, қант диабетіне шалдығу бірнеше есе өсуде. Оның арты ерте өлім-жітім, мүгедектік салдарына алып келеді. Сондықтан қоғамдық денсаулық сақтау мәселесі аса маңызды», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар