Әрбір жетінші оқушы күн сайын тәтті газдалған сусын ішкен
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мектеп жасындағы балаларды профилактикалық тексеру барысында кариес ауруының 80 169 жағдайы анықталды.
Тісжегі профилактикасы және денсаулыққа пайдалы әдеттерді қалыптастыру мәселелері «Саламатты мектеп» республикалық форумында талқыланды.
2022 жылғы HBSC зерттеуінің деректеріне сәйкес 11, 13 және 15 жастағы мектеп оқушыларының 14,4%-ы күн сайын құрамында қанты бар газдалған сусындар ішкен. Бұл – шамамен әрбір жетінші оқушы. Сауалнамаға қатысқандардың 66,6%-ы мұндай сусындарды аптасына кемінде бір рет тұтынған.
Сонымен қатар зерттеуге қатысушылардың тек 47,7%-ы тістерін күніне екі рет немесе одан да жиі тазалаған.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мектеп жасындағы балаларды профилактикалық тексеру барысында кариес ауруының 80 169 жағдайы анықталды.
Еркін қанттарды жиі тұтыну – кариес дамуының негізгі тағамдық факторларының бірі. Сондықтан профилактика тек стоматологқа барумен шектелмейді. Ол күнделікті қалыптасатын әдеттерден тұрады: ауыз қуысының тұрақты гигиенасы, тәтті сусындар мен құрамында қанты көп өнімдерді аз тұтыну, ауызсуға қолжетімділікті қамтамасыз ету және медициналық көмекке уақтылы жүгіну.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында жаңартылған Тамақтану стандарты қолданысқа енгізілді. Стандарт тағам құрамындағы қант мөлшерін азайтуды көздейді. Ал тәтті сусындардың орнына су, сүт, қышқыл сүт өнімдерінен жасалған сусындар және қант мөлшері төмендетілген сусындар ұсынылады.
Сондықтан «Саламатты мектеп» аясында дұрыс тамақтану мен балаларға денсаулық мәселелері бойынша білім беру жеке профилактикалық іс-шаралар ретінде емес, бірыңғай мектеп ортасының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.
Келесі қадам – мектептерде қандай жағдайлар жасалғанын тұрақты түрде бағалап, алынған деректерді нақты жақсартулар үшін пайдалану.
Салауатты әдет күн сайын қалыптасады. Ал мектеп – бұл әдеттердің бала өмірінің ажырамас бөлігіне айналуына ықпал ететін негізгі орындардың бірі.
Айта кетелік Ақмарал Әлназарова балалар стоматологиясындағы кезек мәселесін шешуді талап еткен еді.