Ардагер Темірғали Әділбеков елордалық оқушылармен соғыс туралы естеліктерімен бөлісті

АСТАНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат - «Назарбаев орталығы» мұражайында Жеңіс күніне орайластырылған Ұлы Отан соғысының ардагері Темірғали Әділбековпен кездесу өтті, деп хабарлайды мемлекеттік мекеменің баспасөз қызметі.

Ардагер Темірғали Әділбеков елордалық оқушылармен соғыс туралы естеліктерімен бөлісті

Т.Әділбеков - Ұлы Отан соғысы, партия және еңбек ардагері, Курск доғасы шайқасына қатысушы. Үстіміздегі жылы отставкадағы подполковник қос мерейтойын атап өтуде - 1 мамырда ол 90 жасқа толды, ал 5 шілдеде - Курск шайқасына 70 жыл толды.

Ақсақал сұрапыл соғыс жылдары жөніндегі естеліктерімен бөлісіп, жастарға алға қойған мақсаттарға қалай жету керектігін әңгімелеп берді, сондай-ақ баршаны алда келе жатқан мерекемен құттықтады.

Іс-шараны өткізуге Астанадағы №27 мектеп-гимназиясының оқушылары мен оқытушылары белсенді қатысты.

Курск шайқасы (1943 жылғы 5 шілде - 23 тамыз) өз ауқымы, іске қосылған күштер мен құралдар, қауырттылығы, нәтижесі және әскери-саяси салдары бойынша Ұлы Отан соғысының негізгі шайқастарының бірі болып табылады. Бұл адамзат тарихындағы ең ірі танкі шайқасы болды, оған шамамен екі миллион адам, 6 мың танкі, 4 мың ұшақ қатысқан. Кеңес әскерлерінің жеңісті жолы Курск шайқасынан басталған болатын.