Ардагерлер «Астана - Мәскеу - Киев - Кишинев» бейнекөпірі арқылы тілдесті

Іс-шара барысында Қазақстан, Ресей, Украина мен Беларустың ардагерлері сонау Ұлы Отан соғысы жылдарына шолу жасап, қанды шайқастың соңғы күндерін еске алды. Осыдан 66 жыл бұрын тура осы уақытта олар сол кездегі фашистік Германияның астанасы - Берлин қаласын қоршауға алған еді. Кеңес әскерінің көптігіне қарамастан, неміс солдаттары бұл қаланы барынша қорғап қалуға тырысты. Сол кезде қандықол Гитлер кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге, әйелдер мен қарияларға қару таратып, вермахттың ордабасын бар жан-тәнімен қорғауды тапсырды. Бірақ кеңес әскерінің шабуылына шыдамай, тас-талқан болып жеңілді. Осының бәрін көріп, Ұлы Жеңістің рухын осы күнге дейін жеткізген сол кездегі жас сарбаздар - қазіргі қарт ардагерлер бүгін бейнекөпір арқылы майдандас-достарымен сұхбаттасып, бір марқайып қалды.